Гемодиализ сырт көзге күнделікті процедура болып көрінгенімен, науқас үшін өмірді жалғап тұрған жалғыз тірек болса, бүгінгі экономикада ЕТЖ мен базалық мөлшерлеме де дәл солай – бір жағында мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі, екінші жағында нарықтың өмір сүруі тұр.

Сондықтан ЕТЖ мәселесі тек жалақыға ғана емес, бүкіл нарықтың тамыр соғысына қатысты.
Доллардың тыныштығы – қымбат ақшаның белгісі
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25% деңгейінде сақтап қалды. Бұл шешімнің бірден-бір көрінісі – валюта нарығындағы тыныштық. Бүгінде АҚШ доллары 453 теңге маңайында тұрақтады. Сарапшылардың бағалауынша, бұл тұрақтылықтың бағасы бар. Ақша қымбат болғандықтан, кәсіпкер үшін несие алу тиімсіз, ал несиесіз кәсіпті кеңейту мүмкін емес. Нәтижесінде нарықтағы ақша айналымы баяулайды. 58 трлн теңге: ақша базарға бармай, банкте жатыр.
Қымбат ақшаның екінші белгісі – Қазақстан қор биржасындағы (KASE) ахуал. Биыл KASE индексі құлдырап тұр. Атап айтқанда, «Қазатомөнеркәсіп» акциясы 15%-ға, Kaspi акциясы 11%-ға төмендеді. Ал керісінше, ешқандай тәуекелсіз табыс әкелетін борыштық бағалы қағаздар нарығы рекорд жаңартты. Оның көлемі 58 трлн теңгеге жетті.
Бұл нені білдіреді?
Қалталы инвестор зауыт салып, 10-15% пайда тапқанша, ақшасын банкке салып, кепілді 16,25% пайда алуды жөн көреді. Қарапайым тілмен айтқанда, ақша базарға шықпай, банк жүйесінде жатып қалды. ЕТЖ 110 мың – инфляцияны қуып жету ғана Осы тұста Үкімет 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) 85 мыңнан 110 мың теңгеге көтеремін деп жариялады.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің мәліметінше, жалақы қорының өсімі 426 млрд теңгені құрайды. Бұл – бизнеске түсетін қосымша жүктеме. Сарапшылардың пікірінше, бұл өсім емес, инфляцияны қуып жету.
Qazaq Expert Club сарапшысы Әйгерім Ілиясованың айтуынша, ЕТЖ үш жыл бойы 85 мың теңге болып тұрғанда, жиналған инфляция 30%-ға жеткен. Ал ЕТЖ-ның 85 мыңнан 110 мыңға өсуі – 29,4%. Яғни, өсім жоқ, тек құнсыздануды жабу бар.
Депутаттар Никита Шаталов пен Снежана Имашеваның бағалауынша, бұл өсім көбіне бюджет саласындағы ең төменгі жалақы алатын қызметкерлерге – еден жуушы, тазалықшы, күзетшілерге әсер етеді. Жеке секторда орташа жалақы 486 мың, медианалық жалақы 348 мың болғандықтан, ЕТЖ өсімі шағын бизнеске ғана салмақ салады. Мысалы, үш жұмысшысы бар шағын кәсіпкер үшін бұл ай сайын қосымша 105 мың, жылына 1 млн 260 мың теңге шығын деген сөз.Үкіметтің жаңа келісімі:
Ең Төменгі Баға Деңгейі
ЕТЖ жүктемесінің орнын толтыру үшін Қаржы министрлігі импорттаушыларға жеңілдік ұсынды. Министрлік Ең төменгі баға деңгейі ережесін қайта қарап жатыр. Бұған дейін кәсіпкер тауарды Қытайдан 5 долларға әкелсе де, мемлекеттің тізімінде 10 доллар болса, салық 10 доллардан есептелетін. Енді жаңа жоба бойынша, егер кәсіпкер 5 долларға алғанын контрактімен, банк төлемімен дәлелдесе, салық нақты 5 доллардан есептеледі. Министрлік өз түсіндірмесінде:
«Бұл добросовестный кәсіпкерлерге ЕТЖ -ты қолдану тәуекелін азайту үшін жасалып отыр», – деп атап өтті.
Қазір МУЦ тізімінде 89 тауар бар – азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлар.
Үкімет пен халықтың ұстанымы жақындай ма?
Мемлекет халықтың үш сұранысына үш жауап беріп отыр. Баға өспесін дегенге – доллар 453 теңгеде тұрақты деген жауап, жалақы өссін дегенге – ЕТЖ 110 мың деген жауап, ал адал кәсіпке жол ашылсын дегенге – 3 жыл тексермеймін және МУЦ-ты жеңілдетемін деген жауап.Бірақ толық жақындау әлі болған жоқ.
Түйін – қымбат ақшада. Базалық мөлшерлеме 16,25% болып тұрғанда, 58 трлн теңге базарға шықпайды. Ал ол базарға шықпайынша, ЕТЖ-ның бүкіл жүгі ұсақ кәсіпкердің мойнында қала береді.Нағыз жақындау – ақша арзандап, банктегі қаржы зауытқа, жұмыс орнына айналғанда ғана болады.