Президент демографияны «жылдарға есептелетін шешім» деп атаған тұста, елдегі туу көрсеткіші төрт жыл қатарынан сырғып барады. 2021 жылғы рекордтан кейін Қазақстан 110 мың балаға кеміді. Бұл – жай ғана құлдырау емес, сарапшылар оны жаһандық демографиялық өтпелі кезеңнің табалдырығы деп бағалап отыр.

«Қазақстандық феномен» қалай тоқтады
Бір кездері біз әлемді таңғалдырған едік. 2021 жылы 446,5 мың сәби дүниеге келіп, туу коэффициенті 3,32-ге жеткенде, оны «қазақстандық феномен» деп атады. Сол кезде 70 миллиондық арман алыс емес сияқты көрінетін.
Арада төрт жыл өтті, жағдай күрт өзгерді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы 365,9 мың, 2025 жылы 335 мың бала ғана туды. Тәуелсіздік тарихындағы ең жоғары рекорд орнаған 2021 жылмен (445,8 мың) салыстырғанда, 4 жылда 110-111 мыңға, яғни 25%-ға кеміген.
Тек осы жылдың алғашқы үш айында 77,3 мың бала дүниеге келді, бұл 2014 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш, бір жылда 16%-ға аз. 2026 жылдың басында да өсім жоқ – 74,1 мың ғана.
Неліктен «бэби-бум» тоқтады:
Мамандар мен демографтар бұл дабылды үш негізгі себеппен түсіндіреді.
Біріншісі – репродуктивті ұрпақтың ауысуы, яғни демографиялық шұңқыр. Қазір отбасын құру жасына 1990-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында туған буын жетті, ал сол жылдары елде экономикалық және демографиялық дағдарыс болып, туу екі есе аз болғандықтан, қазіргі әлеуетті аналардың жалпы саны аз.
Екіншісі – ана болу жасының ұлғаюы. Қазақстандық әйелдердің алғашқы перзентін әкелу жасы шегеріліп келеді, қазір аналардың орташа жасы 29,7-29,9 жасты құрайды, Алматы мен Астанада жас отбасы алдымен баспана, сосын баланы ойлайды. 2024 жылғы сауалнамада әйелдердің 51,3%-ы «балам бар, енді тумаймын» деп ашық айтқан.
Үшіншісі – көпбалалық трендтің бәсеңдеуі. 2020-2021 жылдардағы серпіліс негізінен 3-ші, 4-ші, 5-ші балалардың есебінен қамтамасыз етілген еді, қазір бұл үрдіс баяулап, экономикалық факторлар алға шықты, тұңғыш бала 119,7 мыңнан 79,9 мыңға, екінші бала 102,4 мыңнан 75,8 мыңға дейін азайды.
Статистика салқын сөйлейді, бірақ шындығы ащы, бұрын әр мың адамға 23,5 баладан келсе, қазір 16,4-ке түсті. Бұл тек біздің емес, бүкіл әлемнің толғағы. Бүгінде 195 елдің үштен екісінде туу 2,1-ден, яғни ұрпақ жаңару шегінен төмен түсті, ал әлемдік орташа 1950 жылы 5 бала болса, 2024 жылы 2,25-ке түсті.
БҰҰ дерегі бойынша Еуропа 745 миллионнан 593 миллионға, Ресей 145 миллионнан 126 миллионға азаяды. Қазақстан базалық болжам бойынша 2100 жылы 33,6 миллионда қалады.
Мемлекет не істемек:
Беккер теориясы және «Ұрпақ қоры»Осы тұста мемлекет те қимылдай бастады. Президент былтырғы Жолдауда Стратегиялық жоспарлау агенттігі жанында Демографияны талдау орталығын құруды тапсырды. Қазір 2035 жылға дейінгі тұжырымдама әзірленіп жатыр.
Талқының өзегінде Нобель лауреаты Гэри Беккердің қағидасы жатыр: адам баладан келетін қуаныш шығынынан асқанда ғана көп туады. 2000-2020 жылдары біз осыны дәлелдеген едік. Ал 2020-дан кейін жәрдемақы инфляцияға ілесе алмай, отбасының қалтасындағы нақты шығынды жаппай қалды.
Енді жаңа тетіктер қаралып жатыр: жәрдемақыны күнкөріс деңгейіне байлау, «Келешек» пен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламаларын кеңейту, Солтүстік Қазақстанда 2010-2012 жылдары сыналған «Ұрпақ қоры» сияқты ұзақ мерзімді жинақты қайтару. Ол кезде төртінші балаға 160 АЕК көлемінде жылдық 10%-бен депозит ашылып, 4 мың бала қатысқан.
Нарық қанша адамды көтередіБіздің экономика бүгінде 20,7 миллионға шақталған. Сарапшылар 30-40 миллионды оптималды төбе деп атайды. Су – ең басты шектеу. Жан басына 1600 текше метр су бар, БҰҰ бойынша тапшылық шегі 1700. 40 миллион болса, 800 текше метр ғана қалады, бұл Египеттің деңгейі. Жұмыс та оңай емес, 30 миллион үшін жылына 300 мың жаңа жұмыс орны керек, қазір 150 мың ғана ашылады. Бір бала 18 жасқа дейін мемлекетке 15-17 млн теңге тұрады, 20 млн қосымша адам деген 300 трлн шығын.
Сондықтан 30 миллионға дейін қазіргі модельмен өсе аламыз, 30-дан 40-қа дейін барсақ, индустриалды елге көшуіміз керек. Ал 70 миллион – бұл демография емес, экономикалық революция.
Сәтсіз реформаның орнын ақшамен жамау: Яндекс пен Ұлттық қордың ортақ тамыры
Осы жерде Яндекс сабағы демографиямен тікелей түйіседі. Екеуі де бір аурудың екі симптомы – сәтсіз реформаның орнын ақша таратумен жабу.
Біз Astana Hub арқылы шетелдік платформаға 32 млрд салық жеңілдігін беріп, есебін сұрамадық. Нәтижесінде жылына 200 млрд комиссия сыртқа кетіп, төлем Мәскеуде қалып, 11 қазанда такси нарығы бір күнде құлады. Заңда Жоғары аудиторлық палата «тек бюджеттен ақша алғандарды тексереді» деп жазылғандықтан, түспей қалған 32 млрд ешкімнің есебінде жоқ.
Дәл сол логика демографияда да қайталанды. Жәрдемақыны инфляция жеп қойғанда, жұмыс орны мен баспана қымбаттағанда, біз еңбек нарығын, баспана саясатын түзетудің орнына «Ұлттық қордан 100 доллар береміз» деп, баланың болашағын мұнай ақшасымен жамауға көштік.Түпкі себеп шешілмейді. Яндекс реформасы – төлемді елге қайтару болса, демография реформасы – баланың емес, ананың табысын, баспанасын шешу. Ал бізде керісінше, шетелдікке жеңілдік беріп, өз баламызға жәрдемақыны кенеттен еске түсіреміз.
Сондықтан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы – демографиялық саясаттағы 2020 жылдан бергі қателіктің уақытша өтеуі. Айына 2-3 мың теңге ешбір отбасын екінші балаға итермелемейді, ол үшін айына 150-200 мың теңге тұрақты табыс керек. Ал Өскеменде 10 жылдан бері 60 теңге комиссиямен жұмыс істеп тұрған АПАРУ платформасы отандық шешім бар екенін, тек саяси ерік керек екенін дәлелдеп тұр.
Түйін: сан емес, сапа
Яндекске 32 млрд жеңілдік беріп, есебін сұрамадық, цифрлық егемендіктен айырылдық. Жәрдемақыны инфляция жеп қойды, есебін түзетпедік, 110 мың бала жоғалттық. Сондықтан формула қарапайым: цифрлық төлемді елге қайтар, салық жеңілдігін аудитпен байланыстыр, баланың жәрдемақысын нақты шығынға байла. 70 миллион ұранның орнына 30 миллион сапалы, жұмысты, білімді адамды мақсат қыл.