Мәскеу қазақстандық дүкеннің шығынын төлемейді: себебі келісімшартта жазылған. Ресейлік дата-орталықтарға жасалған дрон шабуылдарынан қазақстандық бизнес аптасына 700 мың теңгеге дейін жоғалтуы мүмкін. Бұл шығынды Мәскеу де, ресейлік провайдер де өтемейді – себебі келісімшартта солай жазылған.

Шығын қалай есептелді
Teniz Capital стресс-тесті шартты компанияны алған: айына 30 млн теңге айналым, соның 20%-ы ресейлік платформаларға тәуелді. Бір апталық үзіліс 700 мың теңге жоғалған түсімге және 210 мың теңге маржа шығынына әкеледі. Бұл – логистика, колл-орталық және жүйені қалпына келтіру шығындарынсыз есеп.
Нақты өмірде Jetkizý үшін 2GIS картасы өшсе, курьер тоқтайды. Technodom үшін төлем API құласа, кассада кезек пайда болады.
Неге сақтандыру төлемейді
Мәселенің түйіні – келісімшарттағы форс-мажор тармағы.
Біріншіден, Ресей Азаматтық кодексінің 964-бабына сәйкес, егер келісімшартта бөлек жазылмаса, әскери әрекеттер, терактілер салдарынан болған шығын сақтандыру жағдайы емес. Дрон осы санатқа кіреді.
Екіншіден, Яндекс Cloud, 2GIS, Сбердің стандартты SLA-сында кепілдік 99,9% ғана, ал өтемақы – бір айлық төлемнің 10-30%-ы. Форс-мажор тармағында «әскери іс-қимыл, байланыс желілерінің істен шығуы» деп тұр. Дрон тура сол тармаққа сілтеме болады.
Үшіншіден, пәтер мен көлікте де солай.
Қаржы университетінің зерттеуінше, ипотекасы барлардың 98%-ында базалық полис дронды жаппайды. Егер клиент «әскери тәуекелді» қосымша ақыға қоспаса, сақтандырушы заңды түрде бас тартады.Сондықтан Ресей нарығында қазір бөлек өнім шықты – жылына 3-8 мың рубльге «дроннан сақтандыру»
Үкіметтер не істеп жатыр
Ресейде бірыңғай толық өтемақы жоқ. Егер оқиға теракт деп танылса, бизнеске 300 мың рубль фиксирленген төлем беріледі, шығын көлеміне қарамастан. Сонымен қатар жазда Курск, Белгород, Брянск кәсіпорындарына 1,5 млрд рубль жалақы субсидиясы бөлінді. Орталық банк банктерге несие кестесін қайта қарауды ұсынды, ал Минфин дроннан қорғану шығындарын салықтан шегеруге рұқсат беретін түзетуді күзде енгізбек.Қазақстан басқа жолды таңдады – тәуелділіктен шығу.
6 қазандағы Үкімет отырысында 2027 жылы 186 МВт, 2028 жылы тағы 109 МВт дата-орталық іске қосылатыны айтылды. Екібастұзда қуаты 1 ГВт-тық Data Center Valley салынып жатыр, оған Firebird AI және NVIDIA-мен $10 млрд келісім жасалған.
Мақсат – Тоқаев айтқандай, есептеу қуатына, дерекке және байланыс арналарына өз бақылауымызды орнату.
Бизнес не істеуі керек
Құқықтық жағынан – қазіргі келісімшарттағы SLA және форс-мажорды қайта қарап, «дрон шабуылы форс-мажор емес, резерв беру міндетті» деген жолды қосу.
Техникалық жағынан – бір провайдерге байланбау. Карта үшін 2GIS-пен қатар Mapbox, бұлт үшін Yandex-пен қатар отандық провайдерді қатар ұстау.Қаржылық жағынан – мүлік полисі жетпейді. Брокерден сыртқы IT-провайдерге тәуелділіктен болатын үзілісті жабатын және соғыс тәуекелінен бөлек қарастырылатын арнайы тармағы бар полис сұрау.
Түйін қарапайым. Ресейлік серверге дрон тиді деп Мәскеу қазақстандық дүкеннің шығынын төлемейді. Бұл – Ресейдің міндеттемесі емес, келісімшартта бекітілген тәуекел. Шығынды не бизнес өзі алдын ала сақтандырады, не өзі көтереді.