Қаржы нарығын тағы да кезекті реформа күтіп тұр. Біз ұлттық рейтингтік агенттіктерін қалыптастыруға шешім қабылдадық. Қарсыластарымыз да осал емес: Айналымыздағы капиталы миллион доллардан асып кететін Standard & Poor’s, Moody’s, Fitch сияқты әлемдік нарықтың үш кит-алпауытына бар болғаны 10 млрд теңгемен нарықтағы ойын ережесін өзгертуге кіріспекпіз.

Қазақстанда кез-келген салада жеңіске жетудің құны қымбат. Әлемдік экономиканың шырақшысы ретінде танылған үш кит – үш жаһандық рейтингтік агенттіктің әр мемлекет пен әр компанияға қатысты рейтингтік бағалары жаңарған әлемдік нарықтың түн ұйқысы төртке бөлінеді. Әр елдің экономикалық һәм әлеуметтік ахуалына қатысты көзқарас халықаралық рейтинг агенттіктерінің бағасымен қалыптасады, халықаралық қаржы ұйымдары да сол бағаға қарап несие береді. Эмитент рейтингінің орташа құны – 80 мың доллар, эмиссиялық рейтинг үшін 20 мың доллар. Рейтингтік қызмет бойынша шығындардың үлесі жекелеген компаниялар табысының 1%-ын, ал ұлттық корпорациялар үшін 0,7%-ын құрайды деген пікір бар. Демек олардың бағасына айналымы бірнеше млрд доллары бар алпауыт компаниялар ғана төтеп береді.
Біздің елде бұл мәселе 2023 жылдан бері айтылып келеді. Қарсы пікір нарықтың шектеулі алға тартты. Қазір жағдай өзгерді. Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес 2025 жылы Қазақстанның номиналды ІЖӨ көлемі 300 млрд АҚШ долларынан асты. 2025 жылдың қортындысы бойынша нарықта 22 банктен, 27 сақтандыру ұйымынан, 21 брокерлік ұйымнан, 237 МҚҰ-дан, 92 корпоративтік облигация эмитентінен, жалпы қорытындысында 399 нысан жұмыс істейді.
Демек бізге тек халықаралық агенттіктер емес, өз ресурстарымызға да ден қоятын кез келді. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы мен ілеспе түзетулерін бірінші оқылымда мақұлдады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, Қазақстан аумағында ю Standard & Poor’s, Moody’s және Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттіктері, шетелдік рейтингтік агенттіктерді аккредиттеу арқылы ЭКСПЕРТ РА және АКРА пруденциялық реттеу мақсатында рейтинг береді. Нарықтық экономика үшін рейтинг нәтижесі маңызды. Бірақ даму үшін жалғыз дереккөз аз. Халықаралық агенттіктердің экономикалық көрсеткіштерді есептеу, дайындау әдістері үстірт дайындалатынын осыған дейін жазғанбыз.
Олардың біздің елге қатысты «оң тұрақты немесе теріс» деген болжамдары 2000 жылдардан өзгермегенін көріп жүрміз. Тек біз ғана емес, жан-жағымыздағы елдер ұлттық агенттіктерінің құқықтық базасын қалыптастыруға кірісті. Ресей биылдан бастап батыс халықаралық рейтингтік агенттіктеріне («үлкен үштіктен»: S&P, Moody’s, Fitch) егеменді рейтингтер бергені үшін төлемдерді іс жүзінде тоқтатып, эмитенттерін рейтингтеу жөніндегі негізгі жұмыс ұлттық агенттіктерге көшті. ЕЭК комиссия алқасының 2020 жылғы 20 қазандағы №148 құжаты «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» бекітті. Осы құжаттың 27-тармағында 2024-2029 жылға дейінгі аралықта одақ елдері рейтинг агенттіктерінің қызметін жүзеге асыруға қойылатын талаптарды үйлестіретіні айтылған. Ендігі қалған 3 жылда ұлттық агенттігімізді жүйелендіріп алмасақ, ең бастысы сенім депозитіне ие болмасақ ЕАЭО-дағы ортақ жүйеге тағы да мойынсұнып қаламыз.
Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, ұлттық рейтингтік агенттікті қаржы нарығының KASE-мен, орталық депозитариймен бірдей маңызды инфрақұрылымдық элементі ретінде қарастырамыз. Бұл ретте бірден шектеулер қойылады: агенттік капиталындағы бір қатысушының үлесі — 10 пайыздан аспайды, ал директорлар кеңесінің кемінде жартысын тәуелсіз директорлар құрауы тиіс. Себебі кейбір ірі орта бизнес компаниялары нарыққа облигациялармен де, IPO аясындағы акциялармен де шығу мүмкіндігін қарастыруы мүмкін. Ұлттық рейтингтік агенттіктің пайда болуын олар қосымша ынталандыру көзі ретінде қабылдайды. Оның пікірінше, мұндай құрылым беретін кредиттік рейтингтер ең алдымен ірі компанияларға ұйымдастырылған нарықтар мен биржаларға шығу кезінде қажет болады.
Экономист Вячеслав Додоновтың айтуынша, ұлттық агенттік батыс агенттіктеріне тәуелділікті төмендетеді. Нарықтағы кейбір ірі орта бизнес компаниялары нарыққа облигациялармен де, IPO аясындағы акциялармен де шығу мүмкіндігін қарастыруы мүмкін. Мұндай жағдайда өзіміздің рейтингтік агенттіктің пайда болуы оларды қосымша ынталандырады. Құнды қағаздарға қосымша сұраныс тудырып, қазақстандық компаниялардың қосымша эмиссияларын әртараптандырады.
Бұл бағытта бізге асығыс танытуға болмайтыны айтылып жатыр. Бірінші кезекте құқықтық базасын қалыптастыруға, біздің жерде жұмыс істеп жатқан халықаралық рейтингтермен ғана емес, отандық компаниялармен байланысына мән беру керек.
«Ұлттық рейтинг құрамы тек Ұлттық банк немесе ҚНДРА емес, дербес бағалауға мүмкіндігі бар отандық компаниялардың өкілдерімен де толықтырылғаны жөн», — дейді В. Додонов.
Сарапшы Мағбат Спановтың айтуынша, ұлттық агенттігімізге қарата айтылып жатқан сынның басым көпшілігі Ұлттық банкпен байланыстыра айтылып жатыр. Халықаралық тәжірибеде мұндай агенттіктердің банк, бизнес және биржа өкілдерінен жасақталған 10 акционері болған кезде ғана Ұлттық банктен немесе Үкіметтен тәуелсіз болады. Әзірге біз оның тәуелсіздігі ғана емес, ес жиып алғаны, тамырланып алғаны да маңызды. Соңғы 30 жыл бойы нарықтағы ойыншыларды бақылауда ұстап келген халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағалауы да әрқашан идеалды және бейтарап бола бермейтіні айтылып жатыр. Бастапқы кезде ішкі нарық пен тәуекелдерді тереңірек түсінуге мүмкіндік берілуі керек. Егер халықаралық агенттіктердің отандық рейтинг агенттігінің зерттеуін де қаперге алуын заңдастырсақ, қалған мәселе нарықтың беталысымен бірге шешіле береді.
Сарапшы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, жасанды интеллекттің, деректерді өңдеудің машиналық тәсілдерінің пайда болуымен бұл рейтингтік іс-әрекеттер біздің қазақстандық компанияларға арзанырақ болады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда компаниялар өз бизнестерін бағалауға және биржаға шығуға дайын, себебі көбіне ақша керек, ал банктен қарыз алу оңай емес. Егер, ұлттық рейтинг әлемдік қаржы ұйымдарының оң батасын алса, ұзын және пайызы төмен несиеге апарар жол жақындайды.