Moody’s агенттігі Қазақстанға Baa1 деген бағаны қайта бекітті. Баға тұрақты. Агенттік «экономика мұнай азайса да өсіп жатыр» дейді. Бұл сөз көпке «шикізатсыз өстік» деген әсер берді. Ал шын мәнінде өсімді кім көтеріп тұр?

Өсімді әзірге кім көтеріп тұр?
Ұлттық экономика министрлігінің дерегінде бәрі ашық жазылған. Өсімді өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және сауда беріп тұр. Сырт көзге бәрі шикізаттық емес салалар сияқты.
Бірақ түбіне үңілсең, бәрінің кіндігі мұнайдың ақшасына байланған
Алдымен құрылыс пен көлікті алайық. Соңғы екі жылдағы ірі жобалардың дені – Ұлттық қор мен қазынадан қаржыланған жол, теміржол, тұрғын үй. Орта дәліз, республикалық жолдарды жөндеу, Астана мен Алматыдағы құрылыс. Бұл жерде шикізаттық емес сектор өскен жоқ, шикізаттың ақшасы құрылысқа айналды.Одан кейін өңдеу өнеркәсібі келеді. Біздегі өңдеу дегеннің көбі – металды балқыту, мұнайды айыру, мыс, ферроқорытпа жасау. Яғни шикізатты бірінші сатыда өңдеу. Әлем мойындайтын машина, құрал-сайман, электроника жасап, шетке сатып жатқан жоқпыз. Сондықтан бұл да таза шикізаттық емес өсім емес.Соңында сауда мен қызмет қалады. Бұл сала халықтың қалтасындағы ақшаға тікелей байланысты. Ал қалтадағы ақша – бюджет қызметкерлерінің жалақысы, зейнетақы, жәрдемақы арқылы көбейіп тұр. Оның қайнар көзі тағы да қазына, қазынаның қайнары мұнай.Осылай қарасаң, тізбек үзіліп тұрған жоқ, бәрі бір жерге келіп тіреледі.
Moody’s нені мақтады?
Moody’s бізді «мұнайсыз өмір сүруді үйрендіңдер» деп мақтаған жоқ. Олардың есебінде екі нәрсе оң бағаланған.Біріншісі – борыш аз. Мемлекеттің қарызы аз, қарызды өтеу қабілеті жоғары.Екіншісі – төзімділік. Мұнай өндіру қысқарса да, экономика құлап қалған жоқ, ішкі сұраныс ұстап тұр.Бұл – дамуға берілген баға емес, төзімділікке берілген баға. «Құлаған жоқсыңдар, төлей аласыңдар» деген баға.
Түйін не?
Шикізаттық емес сектор өсім беретін деңгейге әлі жеткен жоқ. Ол өсімді өзі көтеріп тұрған жоқ, оны көтеріп тұр.Нағыз шикізаттық емес өсім дегеніміз – мұнайдың ақшасынсыз, шетке дайын өнім, технология, қызмет сатып, валюта әкелу. Ал бізде экспорттың 70 пайызы әлі де мұнай, газ, металл, уран күйінде кетіп жатыр.Сондықтан қазіргі өсімді «мұнайсыз өсім» деуге ерте. Бұл – мұнайдың өзі емес, мұнайдың көлеңкесіндегі өсім.