Қорғаныс министрлігін кешенді тексерудің алғашқы кезеңінде мүлікті талан-таражға салу және өкілеттікті асыра пайдалану баптары бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды. Маңғыстаудағы 14 жауынгердің өліміне кінәлі бес командир қамауға алынды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскердегі ахуалды тексеретін арнайы комиссия мүшелерімен өткізген кеңесте белгілі болды.

Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева Мемлекет басшысына жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижелерін баяндап, қарулы күштерде қордаланған жүйелі кемшіліктерді ортаға салды.
14 ӨМІРДІ ҚИҒАН САЛҒЫРТТЫҚ
Тексеру Маңғыстау облысындағы 14 жауынгердің өмірін қиған қайғылы оқиғадан басталды. Алдын ала тергеу қорытындысы сұмдық: әскери жаттығуларды ұйымдастыру кезінде өрескел қателіктер жіберілген, қауіп-қатерлер мүлдем ескерілмеген. Десант түсіруді жоспарлау және жауынгерлердің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары салғырт орындалған. Бұл – жауапсыздық емес, қылмысқа пара-пар әрекет. Осы дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, қазіргі уақытта бес лауазымды тұлға қамауға алынды. Тергеу аяқталған соң олардың іс-әрекетіне түпкілікті құқықтық баға беріледі.
13 ІС ЖӘНЕ ӘЛІМЖЕТТІК
Комиссия зерделеуі бір ғана оқиғамен шектелген жоқ. Бүкіл министрлікке қарасты құрылымдардың қызметі түгел тексерілді.Нәтижесінде құқық қорғау органдары мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану деректері бойынша 13 қылмыстық істі тергеуге кірісті. Бұдан бөлек, әскери тәртіп пен тәрбие жұмысындағы олқылықтар да әшкереленді. Әскери қызметшілерге әлімжеттік жасау және жарғы талаптарына қайшы келетін әрекеттер бойынша да бөлек қылмыстық істер қозғалған.
Президент Тоқаев алғашқы кадрлық шешімдердің қабылданғанын, алайда әскери қызметшілердің қазасына кінәлі әрбір лауазым иесі заң бойынша қатаң жауапқа тартылуы шарт екенін қатаң ескертті. Аталған мәселені Мемлекет басшысы жеке бақылауына алды.
Түйін: Әскерде тәртіп болмаса, елде қауіпсіздік болмайды.