Құрылтай депутаты Алмас Мұхаметов банк алдындағы қарыз үшін азаматтардың шотын түгелдей бұғаттауға заңмен тыйым салуды ұсынды. Ұсынысын Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің атына жолдады.

Депутаттың келтірген дерегі алаңдатарлық
Әділет министрлігінің мәліметінше, атқарушылық өндіріс аясында ақшаны анықтап, арест салу туралы қаулы шығарылған жеке тұлғалар саны 1,5 миллионнан асқан. Ал Қаржы нарығын реттеу агенттігінің дерегі бойынша, мерзімі 90 күннен асып кеткен проблемалық несие көлемі 1,8 триллион теңгеге жеткен. Бұл халыққа берілген несиенің 4,1 пайызы.
«Әрине, азамат қарызын қайтаруы керек. Бірақ бүгінде төлемнің бәрі цифрлық түрде жүретінін ескерсек, шоты бұғатталған адам қалай өмір сүруі керек? Жол ақысын, байланысты, жарық пен жылуды қалай төлейді? Азық-түлік пен дәріні қалай алады? Қол-аяғын байлап, сосын жүгір деп талап еткендей емес пе? Табысына қол жеткізе алмаған адамның жұмыс істеуге ынтасы да жоғалады. Қарызды тек тұрақты табысы бар адам ғана жаба алады. Бұл – дәлелді қажет етпейтін ақиқат», – деді Мұхаметов.
Депутат қазіргі заңда борышкердің табысының 50 пайызынан астамына және өмір сүруге қажетті ең төменгі сомаға тиіспеу керегі жазылғанын, алайда іс жүзінде шот тұтас бұғатталып, қорғалуы тиіс ақша да қолжетімсіз болып қалатынын айтады.Осыған байланысты ол екі ұсыныс жасады.
- Біріншісі, несиелік келісімшартта борышкердің өмір сүруіне қажетті ең төменгі сома сақталатынын міндетті түрде жазу.
- Екіншісі, бұл тетікті банк жүйесі арқылы автоматты түрде жүзеге асыру және бұғатталған шоттан азық-түлік, дәрі-дәрмек, коммуналдық қызмет, байланыс пен жол ақысына жұмсалатын ақшаны пайдалану тәртібін нақты белгілеу.
«Біздің ұсыныс азаматты қарыздан босату емес, өндіріп алу кезінде оның қалыпты өмір сүру мүмкіндігінен айырмау», – деп түсіндірді депутат.
Бұл бастама бұған дейін де көтерілген
Әділет министрлігі сәуірде жалақы мен зейнетақы шотындағы аресті анықтама ұсынған жағдайда шешетінін хабарлаған. Алайда шоттағы аресті шешу қарызды өтемейді.Ал банктер мен реттеушілердің ұстанымы басқа. Олар шектеуді тым жұмсартса, қарыз алу тәртібі бұзылып, жаман несие көбейеді деп қауіптенеді. Сонымен қатар «тамаққа, дәріге» деп бөлінген соманы техникалық тұрғыда қалай ажырату керегі де даулы.