Жиырма жылдық мұнай рентасы бітті. Теңіздегі Келешек жобасы аяқталды, елге зауыт салатын ұзақ инвестиция азайды. Оның орнына қысқа, қағазға салынатын ақша келді.

Бұл – керри-трейд. Формуласы қарапайым: 4%-бен доллар алып, 16%-бен теңгеге салу. Қолда бос ыстық ақша көп болса, ол бірден Қазақстанға құйылады.
Цифрлар не дейді?
Ұлттық Банктің 2025 жылғы қыркүйек бюллетені: шетелдіктердің қолындағы мемлекеттік қағаз – 1,8 трлн-нан 2,6 трлн-ға өсті. Өсім – 786 млрд. Halyk Finance есебі: 2026 жылы 1,9 трлн-нан 2,7 трлн-ға жетті. Бұл – 5 жылдағы рекорд. Себебі – пайыз. Әлемде 3-4%, бізде 16,25%. Инфляция – 8,1%, нақты ставка – 8%-дан жоғары. Дамыған елде бұл 1-2% ғана.
Үстіне теңге бір жылда 20% нығайды. Сырттан келген инвестор бір жылда 47% тапты. Ешқандай зауыт мұндай пайда бермейді. Бұл – Ұлттық Банк саясатының жанама өнімі. Банк әдейі шақырған жоқ, бірақ жағдай жасады. Енді жабу керек. Болмаса 2,6 трлн – 416 млрд бюджет шығыны ғана емес, валюта дағдарысы. Түркияда 2018 жылы 6 айда 15 млрд доллар шығып, лира бір түнде 40% құлады.
Сондықтан 23 қазан – жай пайыз емес. Ұлттық Банк ставканы қалдырса – керри-трейд жалғасады, түсірсе – 2,6 трлн кетуі мүмкін. Бұл ақшаның ғұмыры – 28-90 күн ғана.Неге ақша өндіріске бармайды? Кәсіпкерге берілген ұзақ несие – 9,8 трлн, ЖІӨ-нің 5,3%-ы ғана. Дамушы елде бұл 40% болуы керек. Ал қор нарығындағы борыштық қағаз – 58 трлн, 5 жылда 2 есе өсті.
Логика қарапайым: мемлекет өзі 16,4%-бен қарыз алып тұрғанда, банк неге кәсіпкерге 12%-бен береді? Тәуекелі жоқ мемлекетке 16%-бен берген тиімді. Сөйтіп ақша бар, бірақ зауытқа емес, қағазға кетеді. Бұл – «ығыстыру тиімділігі» (crowding-out).
Нәтижесі: тұйық шеңбер
Мемлекет жоғары пайыз береді → қаржыгер келеді → пайыз жоғары қалады → кәсіпкерге ақша жетпейді → экономика өспейді → инфляция түспейді → мемлекет тағы жоғары пайыз береді.
Өндірістегі пайда – 6%, қағаздағы пайда – 16%. Сондықтан кәсіпкерлікке 9 трлн табылмай тұрғанда, қағаз айналымына 58 трлн табылып отыр. Кім ұтады?3-4 шетелдік қор мен 5-6 ішкі банк. Кім ұтылады? Халық пен бюджет. Халықтың несиесі – 26,1 трлн (+20,3%). Ал 2,6 трлн-ның сыйақысына бюджеттен жылына 416 млрд кетеді. Бұл – төрт облыстың бюджеті. Мектепке емес, инвесторға кетеді.
Не істеу керек?
Қуып шығу емес, бұрып жіберу.
- Нотаны ұзарту. 28 күндік нотаны 1 жылға дейін ұзарту. Қазір банктер бос ақшасын 28 күнде 16%-бен айналдырып отыр. Мерзім ұзарса, ақша «байланады», банк өндірісті несиелеуге мәжбүр болады.
- Қағазды екіге бөлу. Қысқасы – 16%-бен, алыпсатарға, салық жеңілдігі жоқ. Ұзағы – 7-10 жылға, 10%-бен, инфляцияға байланған, өндіріске арналған. Ұзақ қағазға салық жеңілдігі берілсе, БЖЗҚ-ға да тиімді.
- Байланысты инвестиция. Шетелдік 1 трлн-ға мемлекеттік қағаз алса, 300 млрд-ын міндетті түрде энергетика, көлік, логистика облигациясына салуы тиіс. Бразилия, Польша осылай жасаған.Мұнай рентасында жер астындағы байлықты игердік. Енді қаржы рентасы басталды. Айырмашылығы – жер астындағы байлықтың орны қалады, қағаздағы байлықтың ізі де қалмайды.Сондықтан 2,6 триллион – олжа емес, сынақ. Алда 12 ай бар. Осы 12 айда қысқа ақшадан ұзақ жол, жарық, қойма қала ма, әлде PowerPoint-тағы есеп қана қала ма – соны шешеміз.