Әлемдік гиганттар Қазақстаннан жаңа мұнай іздеуге бірігіп жатыр. Консорциум жыл соңына дейін құрылады.

LS басылымына ҚазМұнайГаз төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев Shell, Chevron, Sinopec, CNOOC бірігіп, Каспий маңынан мұнай іздеуге 500 млн доллар салатынын айтқанды. 60 мың шақырым сейсмика, 5,5-тен 10 шақырым тереңдікке дейін бұрғылау. British Petroleum да қайтып келе жатыр.
Жаңалық жақсы сияқты. Бірақ осы жерде қазақ үшін ең ауыр 5 сұрақ туады. Осы сұрақтарға жауап бермей, жаңа консорциумға қол қоюға болмайды.
1. БІЗ ҚҰБЫРДАН АҒЫП ЖАТҚАН МҰНАЙДЫҢ НЕШЕ ПАЙЫЗЫНА ИЕЛІК ЕТЕМІЗ?
Бүгін Қазақстанда өндірілген мұнайдың 70%-дан астамы үш алпауытта: Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ.Теңізшевройл: Chevron – 50%, ExxonMobil – 25%, ҚазМұнайГаз – 20%.Қашаған (NCOC): ҚазМұнайГаздың үлесі – 16,88% ғана.Қарашығанақ (KPO): ҚазМұнайГаз – 10% ғана.
Сонда құбырдан шетелге кетіп жатқан мұнайдың 100 тоннасының орта есеппен 80 тоннасы – шетелдік компаниялардың есебінде кетіп жатыр. Бізге қалатыны – салық және сол 10-20% үлес.
2. 1996 ЖЫЛЫ ОЛАР ҚАНДАЙ ӘЛЕУМЕТТІК МІНДЕТТЕМЕ АЛҒАН ЕДІ?
Бұл – ең ұятты тұсы.1993 жылы Теңіз келісіміне қол қойылғанда Chevron әлеуметтік инфрақұрылымға 3%-дан артық ақша беруден бас тартқан. Тарихта солай жазылған: «Chevron refused to spend more than three per cent on social infrastructure». 100 млн инвестицияның 3 млн-ы ғана – мектепке, қалғаны – мұнайға.
1996 жылғы «Жер қойнауы туралы» заңда «әлеуметтік міндеттеме» деген процент мүлдем болмаған. «Қазақстандық тауар, кадр ал» деген, бірақ қанша – жазылмаған.»Қазақстандық қамту» деген ұғым заңға 2004 жылы ғана енген, ал нақты механизм 2009 жылы ғана пайда болған.
Нәтижесі не болды?
Ресми есеп бойынша:KPO (Қарашығанақ): Басында жылына $10 млн берген, қазір жылына $20 млн.ТШО (Теңіз): «Игілік» бағдарламасы – жылына $25 млн.Жалпы жиынтық: KPO 1998-2025 жылдары 268 нысанға $902 млн, ТШО 1993-тен бері $2,9 млрд жұмсадық дейді. Бірақ оның ішіне өздерінің вахталық қалашықтары, газ құбыры да кіреді.
Ал жоба құны – $46 млрд (ТШО кеңейту), $30 млрд (KPO).$25 млн / $46 млрд = 0,05%. Яғни 80 млрд долларлық жоба үшін тиын. Сондықтан Атырау, Жаңаөзеннің су, жұмыс мәселесі әлі шешілмей тұр..
3. ҚАЗІР ӘЛЕУМЕТТІК МІНДЕТТЕМЕДЕ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС БАР?
2009 жылдан кейін жағдай аздап өзгерді:
Әлеуметтік-экономикалық дамуға міндетті төлем: Қарашығанақ – жылына $20 млн, Теңіз – жылына $25 млн Қазақстандық қамту: басшының 50%-ы, орта буынның 70%-ы, жұмысшының 90%-ы қазақстандық болуы керек Тауар, қызметтің кемінде 20%-ы жергілікті нарықтан алынуы керекБірақ бұл да аз. Себебі халықаралық зерттеушілердің мәліметінше, Қашағаннан түскен пайданың 2%-ы ғана Қазақстанға түседі, 98%-ы шетелге кетеді деген дау 2024 жылы шықты. Энергетика министрлігі ол келісімшартты «құпия» деп жауып тастады.
4. МҰНАЙ АҚШАСЫНЫҢ ҚАНШАСЫ ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЛТАСЫНДА ҚАЛАДЫ?
1996 жылдан бері Қазақстаннан шамамен 2,5 миллиард тоннадан астам мұнай шетелге экспортталды. Бірақ сол мұнайдан түскен табыстың қаншасы Ұлттық қорға түсті? Біз осы күнге дейін мұнайдың көлемін шетелдік оператордың өзі берген есеппен ғана білеміз. Теңізде – Chevron өлшейді, Қашағанда – NCOC өлшейді. Бізде ұңғыма басында тұратын тәуелсіз өлшеу жүйесі бар ма? Жоқ. Біз мұнайды сатамыз, бірақ баррельді кім өлшейді – сол белгісіз.
5. ЖАҢА КОНСОРЦИУМҒА БІЗДІҢ ДАЙЫНДЫҒЫМЫЗ ҚАНДАЙ?
Есқазиевтың айтуынша, ескі кен орындары 70%-ға сарқылды. Енді 5,5-тен 10 шақырымға дейін барамыз».10 шақырым – бұл өте қиын мұнай. Бір ұңғыма – $150 млн. Технология бізде жоқ, кадр бізде жоқ. Сонда біз тағы да жерді береміз, тағы да шетелдік компания бұрғылайды, тағы да 10% үлеспен қаламыз ба?Үкімет жаңа келісімге мына 4 шартты міндетті түрде қосуы керек:
Үлес 50% болуы керек.
ҚазМұнайГаздың үлесі 10-20% емес, кемінде 50% болуы керек.Әлеуметтік төлем 10% болуы керек. 3% қайырымдылық емес, инвестицияның 10%-ы тікелей Атырау, Маңғыстаудың есепшотына түсуі керек. Астанаға емес. Өлшеу бізде болуы керек. Барлық мұнайды өлшеу, сейсмика деректерінің түпнұсқасы Қазақстанда қалуы керек. Есеп ашық болуы керек. 1996 жылғы келісімшарт құпия болмауы керек. Халық білуі керек: қанша кетті, қанша қалды.
ҚОРЫТЫНДЫ
Әлемдік алпауыттардың біздің мұнайға көз тігуі – біздің жерімізде мұнай бар деген сөз. Бұл – жақсы. Бірақ 30 жыл бойы біз мұнайды саттық, ал кедейлік өлшемі өзгермеді. Өйткені 1996 жылы біз әлеуметтік міндеттемені 3% деп келісіп қойдық.
Енді 10 шақырым тереңдікке түсер алдында, Үкімет халыққа бір рет ашық есеп беруі керек. Болмаса, жаңа консорциум – 1996 жылдың қайталануы болады. Тек тереңірек, қымбатырақ.