Біз 30 жыл «қазақ баспасөзі әлемге шығу керек» дедік. Бірақ әлемге шығу дегенді Google-ге шығу деп түсіндік. Ал Google – жол емес, көпір. Көпір тұр, бірақ біз әлі тұрмыз. Неге?Өйткені көпірдің екі жағында екі бөлек тіл тұр. Бірі – кітаптың тілі.

Салмақты, ұзын. Екіншісі – экранның тілі. Қысқа, жылдам. Мәселе – екеуінің ортасында жалғау жоқ. Содан журналистика ортада қалып тұр.Ал осы жалғаусыздық – жай тілдің мәселесі емес. Осыдан барып қазақ контенті артта қалып, орыс контент бизнеспен кетіп барады.
Алтын көпірдің күзетшісі кім?
Осы жерде Алма Мұхамеджанованың пікірі – ең маңызды. Ол осы көпірде ең ұзақ тұрған адам.Алма апай айтады: «Әдебиетшілердің журналистика тіліне төрелік айтуы – қате. Бірақ журналистердің әдеби тілден мүлде бас тартуы – одан да қате».Оның ойынша, біз екі шекке кетіп қалдық. Ғалымдар «қазақшаң бұзылды» деп ұрсады, журналистер «ғалымдар ескі» деп қашады. Екеуі де дұрыс емес.
«Медиа тіл – бөлек тіл. Ол әдеби тіл емес, ол – қызметтік тіл. Оның міндеті – әдемі жазу емес, тез жеткізу. Бірақ тез жеткіземін деп, ойды жұқартып жіберуге болмайды. Қазіргі қазақ журналистикасының дерті – ойдың жұқаруы, тілдің емес», – дейді ол.
Медиа тіл қашан өз формасын табады?
«Қашан біз қазақша ойлап, қазақша жазғанда. Қазір біздің 80 пайыз мәтініміз – орысша ойлап, қазақша жазу. ‘Жүзеге асыру’, ‘осы орайда’ – бәрі сол. Ал Massaget алғаш рет қазақша ойлап жазды. Содан оның формасы табылды. Форма – тілден емес, ойлаудан басталады».
Біздің нишамыз қайда?
Осы ой – біздің нишамызға тікелей апарады. Егер біз қазақша ойлап жазсақ, онда біздің нишамыз да қазақша болады.Әлемде Трамп туралы бәрі жаза алады. Бірақ Орта дәліз туралы біз ғана жаза аламыз. Кеше Президент Тоқаев Анкарада жүк тасымалы 90 пайызға өскенін айтты. Бұл – әлемдік сауданың жаңа картасы. Оны қазақтан артық кім түсіндіреді?Әлемде поп-музыка туралы бәрі жаза алады. Бірақ Димаш туралы біз ғана жаза аламыз. Оның Анкарада «The Show Must Go On» айтуы – жай концерт емес, Түркі әлемінің дауысы.Міне, осы – біздің нишамыз. Осыны тапсақ – көпір де табылады. Осыны қазақша ойлап жазып, ақпараттық технология арқылы түрікшеге, ағылшыншаға аудара алсақ – әлемдік индустрияға кіреміз.
Бизнес неге келмей тұр?
Бірақ осы жерде тағы да бизнес мәселесі тұр. Ниша табылса да, бизнес келмей тұр.Неге? Өйткені біз бизнеске «тілді қолда» деп барамыз, «пайда тап» деп бармаймыз. Орыс контент «ақша бер, клиент әкелемін» деді. Бизнес соны таңдады. Оның үстіне, орыс контенттің артында экожүйе бар: агенттік, SEO, SMM. Ал бізде тек сайт бар. Содан орыс контент қызыл теңізде жүзіп жүр, ал біздің көк теңіз бос тұр.
Алма Мұхамеджанова осыны да айтады: «Қазақ контент бизнеспен қашан интеграцияланады? Қашан ол ‘ұят’ категориясынан ‘пайда’ категориясына өткенде. Димаш ‘тілді қолда’ демеді, ‘менде сізде жоқ өнім бар’ деді. Сол үшін әлемдік бизнес оны алды»
Классикалық журналист ескірді ме?
Жоқ. Ескіргені – жанры, ескірмегені – ұстанымы. Егер классика деп «бүгін Елордада өтті» деп басталатын ұзын мәтінді айтсаң – иә, ескірді. Оны ЖИ сенен жақсы жазады.Егер классика деп фактіні тексеріп, екі жақты тыңдап, ойды жұқартпай жазуды айтсаң – жоқ, ол ешқашан ескірмейді. Қайта қазір тірі қалған жалғыз нәрсе – сол.Біздің қасірет – біз классиканы жанр деп түсініп, ұстанымды ұмыттық. Ал әлемдік тілде керісінше: жанр өлді, ұстаным қалды.
Түйін
Біз бас тартуымыз керек нәрсе – аударма журналистикасы. Көшіріп-басуды доғару керек.Біз табуымыз керек нәрсе – қазақша ойлау. Қазақша ойласақ – сөйлем де түзеледі, переходка да түзеледі, бизнес те келеді.Тіл – форма емес, ойлау. Ал Google – мақсат емес, көпір. Көпірден өтеміз бе, күзетші болып тұра береміз бе – таңдау бізде.