Үкімет ЕТЖ-ны 85 мыңнан 110 мыңға көтереміз деді. Бірақ бұл шешім бюджет жобасында 85 мың деп жазылып, Президент тапсырма бергеннен кейін ғана айтылғандықтан, қоғамда «үкімет ақталып жатыр ма?» деген сұрақ туды.

Бюджетте 85 мың, мінберде 110 мың
14 қазанда Құрылтайда Серік Жұманғарин:
«Бюджетте әзірге 85 мың тұр, мерзімін айта алмаймын» — деді.
2027-2029 бюджет жобасында да 85 мың жазылды. Ал 2 аптадан кейін Президент «1 қаңтардан 110 мың болсын» деген соң, үкімет «110 мың болады» деп шықты. Бұл – жоспар емес, тапсырманы орындау сияқты көрінді.
426 млрд жүктемені кім көтереді?
Вице-министр Әмриннің есебі бойынша, ЕТЖ өсімі бизнеске 426 млрд теңге жүктеме. Бірақ Жұманғарин оны кім төлейтінін түсіндірмеді. 58 трлн теңге банкте жатқан ірі бизнеске бұл салмақ емес. Салмақ – 3 жұмысшысы бар шағын дүкенге түседі, оған жылына +1,2 млн теңге шығын.
Сарапшы Саида Төленова айтқандай, егер жүктеме алдын ала есептелмесе, бизнес көлеңкеге кетеді.
«Ауылы алыс емес» деп созу
ЕТЖ 2024 жылдан бері 85 мың. Инфляция 30%. 2025 жылы депутаттар 110 мыңды ұсынғанда Жұманғарин «ауылы алыс емес, күте тұрыңдар» деген, кейін «2027-2028-де қараймыз» деген. Екі жыл созудың нәтижесінде 29,4% өсім реформа емес, инфляцияны қуып жету ғана болып қалды.
Түйін: Үкімет ақталып жатқан жоқ, кеш түсіндіріп жатыр. Егер ЕТЖ-мен бірге 3 жылдық мораторий мен ЕТБД жеңілдігі бір пакет болып ерте ұсынылса, бұл стратегия болар еді. Ал қазір халық «жалақы өсті» деп қуанса, кәсіпкер «тағы біз төлейміз» деп отыр.