Көптен күткен жол еді. Алматыдан таңертең шығып, түсте Ыстық көлдің жағасында отыратын жол.

Қазір 460 шақырымды айналып, Бішкекті басып өтеміз. Жаңа жол салынса – 277 шақырым ғана. Ұзынағаштан аса беріп, Кеші-Кемин арқылы тура түсесің. Жол 200 шақырымға қысқарады, 5-6 сағаттың орнына 2 жарым-3 сағатта жетесің. Халық осыны күтіп еді. Бірақ Үкімет тоқтатты.
Неге салынбайды?
Көлік министрлігінің сөзі қысқа: «Қазір оған қауқар жоқ». Бар ақша, бар күш елге аса қажет басқа жолдарға кетіп жатыр. Алматы-Ыстық көл әзірге кезекте тұрған жоқ. Кейін, басқа жоспарларды бекіткенде қайта қараймыз дейді.Жол дайын тұр десек те болады. Қызығы сол, жаңадан жол салудың керегі де шамалы. Бар жолды жалғап, жөндесе жеткілікті.
Біздің жақта 80 шақырымды ретке келтіру керек, Қырғыз жақта небәрі 6 шақырым
2024 жылы екі ел «Тездетіп, құрылысты бастайық» деп келіскен. Биыл қаңтарда тағы келісті. Бірақ қағаздан әрі аспады.
Бұл жол кімге керек?
Шындықты айтсақ, бұл жол қырғыз бауырларға бізден де қатты керек. Ыстық көл – олардың нәпақасы. Алматыдан турист көп барса, табысы артады. Олар өз жағындағы 6 шақырымды салуға қашан да дайын отыр. Ал біз үшін бұл – халықтың жолы. Демалыс жолы, сауда жолы, туыстық жол. Бірақ дәл қазір Үкімет үшін бұл – табыс әкелетін жол емес, халықтың көңілін көтеретін жол болып тұр. Сондықтан кейінге қалды. Жоба жабылған жоқ. Тоқтап тұр. Қаражат пен ниет қатар келген күні қайта қозғалады.