Өнеркәсіп министрлігі жеке адамға көлік беретін лизингтің төбесін кесті.

20 млн теңгеге дейінгі көлікке – 36%, одан қымбатқа – 46%, ал лизингті банк берсе – бәріне ортақ шек 35%. Министр Ерсайын Нағаспаев қол қойған бұйрық 7 қазаннан бастап күшіне енеді.
Бұл – бес жастан асқан ескі көлікті тыйған тыйым емес, халықты жоғары пайыздан қорғаған шектеу.
Бұйрық не дейді?
Бұрын лизинг нарығында шек болмаған. Компания саған «айына аз төлейсің» дейді, ішіне комиссия, сақтандыру, көлікті іздеу, сүйреу, сот шығынын қосып, соңында жылдық өсімді 70-80 пайызға жеткізіп жіберетін.Енді министрлік «бұдан басқа ештеңе ала алмайсың» деп тізімді бекітіп берді. Халық тілінде айтқанда – үстеменің төбесін кесті.Бұйрық бойынша төлем екіге бөлінеді.
Біріншісі – міндетті төлемдер. Мемлекеттік баж, салық, айыппұл, сақтандыру, ақылы жол мен тұрақ – бұлар бөлек төленеді.
Екіншісі – келісімшарт ішіндегі төлемдер. Өтінімді қарау, алғашқы жарна, жөндеу, дабыл қою, көлікті іздеп тауып, эвакуатормен әкету, сот пен нотариус шығыны – осының бәрі келісімшартта бірден жазылуы керек, кейін қосып жіберуге болмайды.
Ескі көлікке қатысы бар ма?
Тікелей қатысы жоқ. Бірақ жанама тетігі бар. Министрлік ескі көліктің жолын кеденмен емес, қаржымен бұрып отыр.Бұл қалай жүреді? Үш тетік арқылы.Бірінші тетік – лизингтің өзі. Бес жастан асқан 8 млн теңгелік арзан көлікті 36 пайыздық төбемен әкеліп, жөндеп, кепілге қойып беру компанияға тиімсіз. Одан да 20 млн-нан жоғары жаңа көлікті 46 пайызбен берген тиімді. Сондықтан арзан ескі көлікті лизингпен алудың жолы өздігінен қымбаттап қалады.Екінші тетік – алым. Шеттен келетін ескі көліктерге салынатын утилизация алымы мен алғашқы тіркеу ақысы әлі де жоғары болып қала береді. Бұл – ескі көлікті сырттан заңды түрде кіргізіп, рәсімдеуді экономикалық тұрғыдан тиімсіз ететін ескі қорған.
Үшінші тетік – жаңа ынталандыру
Министрлік «Утилизация 2.0» деген бағдарламаны қайта іске қосты. Тозығы жеткен көлігін өткізген азаматқа санатына қарай 315 мыңнан 750 мың теңгеге дейін, ал ауыл шаруашылығы техникасына 1,5 млн теңгеге дейін жеңілдік сертификаты беріледі. Бұл сертификат тек Қазақстанда құрастырылған жаңа, экологиялық таза көлікті алуға ғана жарайды.
Түйін
Нәтижесінде министрлік шекараны жауып, әкімшілік тыйым салмайды. Оның орнына салық, алым және субсидия деген қаржы құралдары арқылы нарықты реттеп, жүргізушіні жаңа әрі қауіпсіз көлік таңдауға итермелейді.Бірақ мұнда бір шындық бар. 36% дегеннің өзі – жеңілдік емес, төзімді пайыз. Бұйрық нарықты жаңа көлікке қарай бұрады, бірақ халықтың қалтасына әлі де ауыр салмақ салады.