9 қазаннан бастап елдегі әр бес келі қанттың біреуі міндетті түрде биржада сатылмақ.Сауда министрі 23 қыркүйекте бұйрыққа қол қойды. Бұрын биржада сауда 60 тоннадан басталса, енді шекті көлем емес, үлес белгіленді.

Не өзгерді?
Қант қайнататын зауыт та, сырттан таситын алып келуші де қанттың бестен бірін жасырын емес, жұрт көзінше, биржа арқылы сатуға міндетті.Бұрын қалай еді? Зауыт қантты кімге, қаншаға берді – ешкім білмейтін. Қағаз жүзінде арзан, ал шын мәнінде делдалдың қолында қымбаттап кететін. Баға қайдан шарықтағаны – беймәлім.Енді бестен бірі алақандағыдай көрінеді. Қаншаға сатылды, кім алып кетті – бәрі тізімде тұрады.
Көлеңкедегі саудаға тұсау
Баға не болады?
Екі түрлі әңгіме бар. Бірі – ашықтық алыпсатарды азайтып, бағаны тұрақтандырады дейді. Екіншісі – майда алып келуші үшін биржаға шығудың өзі шығын, сол шығынды қантқа қосып жібереді дейді.Дегенмен биліктің беталысы белгілі болды: халық жейтін астың бағасын жасырын келісімге жығып бермеймін дегені. Бүгін қанттан басталған бұл тәртіп, ертең ұнға, майға, етке де келуі әбден мүмкін.