Елге 9 жылда 3 миллион қол керек. Бірақ қол бар жерде жұмыс жоқ, жұмыс бар жерде қол жоқ. Әсіресе ауыл қаңырап барады. Жастардың бәрі қалаға кетіп жатыр.

Мұны әлем қалай шешіп жатыр? Бізде не болып жатыр?
Қазіргі ахуал қызық. Бір жақта 123 мың бос орын тұр, «жұмысшы керек» деп жар салып жатыр. Екінші жақта жастар «жұмыс жоқ» деп қалаға ағылып жатыр.Неге? Өйткені ауылдағы жұмыс пен қаладағы арман екі бөлек.Ауылда тракторшыға 200 мың теңге береді, қыста жұмысы жоқ, баспанасы жоқ, интернеті жоқ. Ал қалада курьер болып-ақ 400 мың табады, өмірі жарқын. Кім қалады?
Сондықтан 2035 жылға дейін керек деген 2,9 миллион маманның көбі – ауылда керек маман. 15 мыңы зауытқа, 9 мыңы құрылысқа, 2,6 мыңы ауыл шаруашылығына керек. Бірақ сол ауылда адам қалмай барады. Бұл – жай кадр тапшылығы емес, ұлттың көші.
Әлем мұны қалай шешіп жатыр?
Бұл дерт бізде ғана емес, бүкіл әлемде бар. Бірақ әркім өзінше емдеп жатыр.
1. Германияның жолы – «Қолөнер – төр» деген жол.
Немістерде жоғары оқу орнынан гөрі кәсіптік колледж беделді. Бала 10-сыныпта зауытқа барады, зауытта жүріп оқиды. Оны дуальды оқу дейді. Зауыт өзі оқытады, өзі шәкіртақы береді, бітірген соң өзіне алып қалады. Жастар «мен жұмысшымын» деп қысылмайды, «мен – шебермін» деп мақтанады. Нәтижесінде Германияда сварщик дәрігерден кем алмайды.
2. Канада мен Австралияның жолы – «Ауылға барсаң, үй беремін» деген жол.
Ол жақта ауылға барған дәрігерге, механизаторға, сварщикке мемлекет бірден үй береді, жер береді, қарызын кешеді. «Ауылға 5 жыл жұмыс істесең, студенттік кредитіңді жабамыз» дейді. Жастар ауылға жаза емес, мүмкіндік деп барады.
3. Жапония мен Кореяның жолы – «Ауылды қала қылу».
Олар ауылды қаладан кем қылмайды. Ауылда да жылдам интернет, жылы мектеп, заманауи аурухана, коворкинг бар. Тракторды телефонмен басқарады. Жастар ауылда отырып-ақ қаланың өмірін сүреді. Ауылда қалу – артта қалу емес.
4. Түркияның жолы – «Ауыл кооперативі».
Түркияда ауыл жастарына шағын кооператив құруға 0%-бен ақша береді. 5 жігіт бірігіп, жылыжай салса, мал бордақыласа, мемлекет өнімін сатып алуға кепілдік береді. Жалғыз емес, бірге кәсіп қылады.
Ал бізде ше? Ауылда адамды қалай ұстап қаламыз?
Біздің министрлік әзірге тек «оқытуды жаңартамыз» деп отыр. Бұл – аз. Ауылдың баласын ауылда ұстап қалу үшін үш нәрсе керек.Бірінші – жалақы емес, өмір.Жастарға тек 200 мың теңге емес, өмір керек. Ауылға барған маманға біз не беріп жатырмыз? «Дипломмен ауылға» дегенде 1-2 миллион көтерме және үй береміз дейміз. Бірақ ол үй – көбіне ескі, жөндеуді қажет етеді. Ал қалада жалдамалы пәтер болса да, жарық, жылу бар, өмір бар.
Шешім:
Ауылға барған сварщикке, электрикке, механизаторға қаладағыдай дайын, жиһаздалған үй, баласына балабақша, өзіне интернет керек. Адамды ақшамен емес, жағдаймен ұстап қаласың. Екінші – мамандықтың беделін көтеру.Бізде әлі де «оқымасаң, тракторшы боласың» деген ұғым бар. Ата-ананың бәрі балам заңгер, экономист болсын дейді. Ал қолы алтын жігітті ешкім мақтамайды.Шешім: Колледж бен зауытты қосу керек. Бала 16 жасында-ақ «ҚазАгро» сияқты ірі шаруашылықта жүріп оқуы керек. Зауыт шәкіртақысын өзі төлесін. Бітірген соң «сенің орның дайын» десін. Сонда бала «мен жұмыссыз қалмаймын» деп біледі. Бұл – Германияның дуальды жүйесі. Үшінші – ауылда кәсіп ашуға жол ашу. Жастар біреуге жалданып жұмыс істегісі келмейді, өз кәсібін ашқысы келеді. Бірақ ауылда несие қымбат, техника жоқ.
Шешім:
Ауылдың баласына 2-3%-бен шағын несие, лизингке трактор, жылыжайға жер керек. Түркиядағыдай кооператив керек. 5 жас бірігіп, ауылдың етін, сүтін қалаға сатса, делдалсыз, пайдасы өзіне қалады.
Түйін не?
Алдағы 9 жыл – дипломның емес, қолдың заманы. Қолынан іс келген жігіттің жалақысы өседі, бағасы өседі. Министрлік дұрыс айтады. Бірақ егер ауылды қаладай қылмасақ, ауылдың баласы қалаға кете береді. Ал қалада 15 мың бос орын емес, 15 мың курьер көбейеді. Зауыт тоқтайды, егін жиналмай қалады. Сондықтан кадр мәселесін министрлік емес, әкімдік шешеді. Ауылға жол, жарық, интернет, дайын үй, арзан несие әкелмей, адамды ұстап қала алмаймыз. Байлық – жерде емес, сол жерде қалатын қолда.