Kaspi-дегі әрбір аударымыңды салықшы көріп отыр ма? Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың жауабы – жоқ. Салықшы аударымды емес, алған пәтерің мен көлігіңді санайды. Қаржы министрлігі шығыстары кірістерінен асып түсетін қазақстандықтарды қалай анықтайтынын түсіндірді. Қолдағы басты құрал – Smart Data Finance жүйесі.

Бұл – 80 дереккөзді бір айнаға тоғыстыратын жүйе. Жылжымайтын мүлік тізілімі, көлік, жер кадастры, ХҚКО, Әділет министрлігі, банктер, брокерлер, нотариустар – бәрі осында.Механизм қарапайым. Система сіздің бір жылдағы ресми кірісіңізді – жалақы, ИП табысы, депозит пайызы – бір жаққа қояды. Екінші жаққа – сол жылы сатып алған мүлік, көлік, жеріңізді қояды. Егер шығыс кірістен асып кетсе, автоматты түрде қызыл шам жанады. Адам емес, алгоритм ұстайды
Ал мобильді аударым ше?
Осы жерде жұрт ең көп шатасады. Тұрысов арнайы тоқталып өтті: мобильді аударым туралы ақпарат шектеулі және толық көлемде көрінбейді. Себебі банк құпиясы туралы заң бар. Салықшы сіздің досыңызға аударған 10 мың теңгеңізді күнде көріп отырмайды. Ол тек екі жағдайда көрінеді: айына 100-ден аса әртүрлі адамнан тұрақты ақша түссе – банк оны кәсіпкерлік белгісі ретінде береді, немесе сізге қатысты ресми тексеру басталса, сот шешімімен ғана. Яғни, негізгі дәлел – аударым емес, тіркелген мүлік. Аударым – жанама із, пәтер мен көлік – нақты факт.
Тапса, не болады?
Алшақтық табылса, e-Salyq Azamat қосымшасына хабарлама келеді: «Айырмашылықты 30 жұмыс күнінде түсіндіріңіз». Егер басқа табыс көзі болса – ата-ана сыйлаған, бұрынғы жинақ, шетелден келген ақша – оны құжатпен көрсетуіңіз керек: сыйға тарту шарты, сату-сатып алу шарты, банк үзіндісі.
Түсіндіре алмасаңыз, сол түсіндірілмеген сомаға 10% жеке табыс салығы салынады. Бұл жүйе – жалақысын алып, сол жалақысына өмір сүретін адамға емес, табысын жасырып, қымбат мүлік алатындарға қарсы жасалған. Қысқасы, салықшы енді қалтаңды емес, ізіңді санайды.