Баспана қымбат дейміз, жұрттың қалтасы көтермейді дейміз, жалдамалы үйдің өзі айлықпен теңесіп тұр дейміз, бірақ шын мәнінде үй жоқ емес, басқару жоқ, өйткені үйдің бәрі жекенің қолында кеткен соң биліктің нарыққа ықпалы қалмады, заң бар, бірақ тісі батпайды, жауап билікте, ал құрал жекенің қолында деген күйге жеттік.

Неге билік үйге ықпал ете алмай отыр?
Бұрын үй мемлекеттікі еді, кейін заман өзгеріп, бәрі жекеге өтіп кетті, бұл – сол кездің талабы еді, ешкімді кінәлай алмайсың, бірақ сол сатылумен бірге биліктің үйге деген ықпалы да сатылып кеткенін ескермедік, бүгінде бағаны билік емес, базар белгілейді, базардағы делдал қисық кетсе, оны түзейтін амал жоқ, қолыңда қағаз бар, бірақ қағазыңның құны жоқ.
Неге шенеунік ынтасыз?
Мұның түбіне үңілсең, бір-ақ себеп шығады, ол – басқарудың ескі әдеті. Кәсіпкерді алайық, ол таң атпай жүгіреді, өйткені тапқаны өзіне қалады, көп тапса көп жейді, аз тапса өзі қиналады, кәсібі өрге жүрсе өзі өрге жүреді, құлдыраса өзі құлдырайды. Ал шенеунік ше, ол қалай істесе де айлығы бір, ел байыса да, кедейленсе де, оның қалтасы өзгермейді, ісі бір жақта, ырысы бір жақта, ісі мен ырысы ажырап қалған адамнан қандай ынта күтесің, айлықты көтеру – бір күндік қуаныш, ал ішіне үңілсең, жан бағудың басқа бір жасырын жолы бар, сол жасырын жолмен ғана жүйе сүйретіліп келеді, аты – жемқорлық, оны тек жазалаумен жоя алмайсың, өйткені тамыры – ынтасыздықта.
Жемқорлықты қалай жоямыз?
Бізге басқаша жол керек, шенеуніктің ырысын елдің ырысына байлау керек. Лауазымға келген адам сол лауазымның еншісін алсын, елден түскен салық көбейсе, оның да айлығы көбейсін, ел кедейленсе, оның да қалтасы жұқарсын, сонда ғана ол елдің байығанына шын тілектес болады, өйткені ел байыса өзі байиды. Мұндай адам әкім емес, елмен бірге кәсіп қылатын адамға айналады, дүкеннің кімдікі екеніне қарамайды, жеке ме, мемлекеттікі ме, бәрібір, сол дүкеннің пайда табуына тілектес болады, өйткені сол пайдадан қазынаға салық түседі, салықтан өзіне нәпақа түседі.
Сөйтіп билік өз атынан кәсіп қыла алады, қазына қаржысына үй салып, сатып алып, жалға беріп, қазынаны толтырып, сол толымнан өзі де жейді, ел ұтса ол да ұтады, ел жығылса ол да жығылады.
Бұл халыққа не береді?
Біріншіден, билік базарға араласады, қазір базарда тек жекенің үйі бар, ертең мемлекеттің де үйі болса, екеуі жарысады, жарыс бар жерде баға аспанға кетпейді, орнығады, билік тыйым салмайды, өзі үлгі көрсетеді.
Екіншіден, мемлекеттің үйі көшпелі үйге айналады, өйткені адамның өмірі бір орында тұрмайды, бүгін жалғыз жүрген жігіт ертең отау көтереді, бүгін Алматыда жүрген маман ертең Астанаға ауысады, осындайда адам ескі үйін мемлекетке қайтарып, өзінің бүгінгі күйіне лайық жаңа үйді жедел ала алады.
Үшіншіден, бұл жалғыз қалған үлкендерге пана болады, жалғыз үйі бар қария сол үйін мемлекетке беріп, ай сайын қосымша зейнетақы алып отыра алады, үйі қаңырап қалмайды, өзі де қаңғып қалмайды. Егер жолын дұрыс салса, мұндай жүйеде ұрлыққа жол жабылады, өйткені ұрлау – өз қалтаңды қағумен тең, ал адал істеу – өз қалтаңды қампайтумен тең болады, сөйтіп адалдық тиімді болып шығады.
Президент «Еститін мемлекеттен Жауапты мемлекетке өту керек» деді, жауапты болу деген – құлақпен естіп қана қоймай, жүрекпен күйіну, ал жүрекпен күйіну – ырысың елдің ырысына байланғанда ғана келеді.Сондықтан шенеунік байымай, халық баспаналы болмайды деген сөз – арандату емес, ақиқат.