Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күні. Қазір елімізде 6,9 миллионнан астам бала бар.

Балалар саясаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай қорытындысы бойынша берген тапсырмасына сәйкес қабылданып, Үкімет бекіткен 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы айқындалды. Бағдарлама 158 іс-шараны қамтиды, ал оны жүзеге асыруға жалпы көлемі 1,3 трлн теңге қаржы қарастырылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2020 жылдан бері елімізде 1,2 мыңнан астам мектеп салынды. Нәтижесінде 1 млн-нан астам жаңа оқушы орны ашылды, бұл үш ауысымды мектептер санын төрт есеге қысқартуға мүмкіндік берді.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту білім беру жүйесіндегі маңызды кезең болып қала береді. Дәл осы кезеңде баланың тұлғалық дамуының негізі қаланып, қарым-қатынас дағдылары қалыптасады және мектепке дайындық жүргізіледі. Осыған байланысты мемлекет балабақшалар мен мектепалды даярлыққа қолжетімділікті дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Бүгінгі таңда республика бойынша 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 5,3 мыңы – мемлекеттік, ал 6,6 мыңы – жекеменшік ұйымдар. Мұнда 1 млн-нан астам бала тәрбиеленеді, 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 70,9%-ға жетсе, кезекте тұрған балалар арасында бұл көрсеткіш 96%-ды құрайды.
Балабақшалар желісін кеңейту, қаржыландырудың жаңа тәсілдерін енгізу және мұғалімдерге қолдау көрсету мектепке дейінгі білім беруді қолжетімді әрі сапалы етуге септігін тигізіп жатыр. Бұл өз кезегінде балаларды мектепке дайындаумен қатар олардың ерте жастан қауіпсіз, жан-жақты дамытушы және қамқор ортада тәрбиеленуіне мүмкіндік береді.
Үкіметтің балалар денсаулығына қатысты қабылдап жатқан шараларының нәтижесінде бала туғанға дейінгі патологиялардың алдын алуға және ерте анықтауға баса ден қойыла бастады. Соңғы бес жылда бұл секторды қаржыландыру 264-тен 585 млрд теңгеге дейін екі еседен астам өсті, бұл еліміздің барлық медициналық бюджетінің төрттен бір бөлігін құрайды. Балаларға медициналық көмек ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде тегін көрсетіледі.
Фетальды хирургияны, яғни туғанға дейінгі операцияларды енгізу және 4 мыңға жуық медбике тартылған патронаж жүйесін іске қосу Қазақстанға тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда нәресте өлімін 7,5 есеге, ал ана өлімін 6 есеге төмендетуге мүмкіндік берді.
Білім беру мен балалар денсаулығы саласын жаңғыртумен қатар әлеуметтік қолдау шаралары да күшейтіліп жатыр. Денсаулығына және білім алуына деген қамқорлық балалары бар отбасыларға жүйелі қолдау түрінде көрсетіледі, ол туғаннан бастап кәмелетке толғанға дейін үздіксіз механизм ретінде жүзеге асырылады.
Осылайша, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында көзделген кешенді тәсіл шашыраңқы қолдау шараларын бірыңғай, ашық әрі технологиялық экожүйеге айналдыруға мүмкіндік береді.