Вице-премьер — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанада FOC 2026: Fats and Oils Conference V Халықаралық конференциясында май-тоң май саласының экспорттық түсімі төрт жылда төрт есеге өсіп, 963 млн, АҚШ долларына жеткенін мәлімдеді.

«Төрт жыл ішінде қазақстандық май өнімдерінің экспортынан түскен валюталық түсім төрт есеге — 240 млн доллардан 963 млн долларға дейін өсті. Өндіріс рекордтық 1,6 млн тоннаға жетті, ал қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортындағы саланың үлесі 27% -ды құрады. Бұл отандық өндірушілерді қолдау, қайта өңдеуді дамыту және инвестициялар тарту жөніндегі дәйекті мемлекеттік саясаттың нәтижесі. Қайта өңдеумен бірге ауыл шаруашылығы да дамуда: майлы дақылдардың егіс алқаптары кеңейтілуде, фермерлік шаруашылықтардың табыстылығы өсуде, жаңа жұмыс орындары құрылуда, көлік және экспорттық инфрақұрылым дамуда», — деп атап өтті вице-премьер.
Қазір Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемде алтыншы орында және Қытай нарығына осы өнімді екінші ірі жеткізуші болып табылады. Бұдан басқа, республика Еуропалық одаққа күнбағыс шротының жетекші жеткізушілерінің қатарына кіреді және Орталық Азия елдерінің қажеттіліктерін іс жүзінде толық қамтамасыз етеді.
Серік Жұманғариннің айтуынша, саланың келесі міндеті — ірі экспорттаушы мәртебесінен әлемдік көшбасшылардың біріне өту. Бұл үшін 2026-2028 жылдарға арналған май өнімдері экспортын дамыту жөніндегі Жол картасы іске асырылуда.
Қазақстанның Ұлттық қайта өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Ядикар Ибрагимов саланың экспорттық географияны белсенді кеңейтіп, логистикалық шешімдерді жетілдіріп отырғанына сендірді.
Мысалы, биыл Ақтау портында алғаш рет теңіз кемесіне өсімдік майын ауыстырып тиеу жүзеге асырылды. «ҚТЖ «ҰК» АҚ қолдауымен Қытай бағытында Достық-Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы астық тасығыштарда түйіршіктелген күнбағыс шротын тәжірибелік жеткізу басталды.
Сонымен қатар, 2025 жылдың күзінде Қазақстан тарихында тұңғыш рет күнбағыс майы Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясына флекситанка салынған 40 футтық контейнерлермен жөнелтілді. Жүк контейнерлiк тасымалдардың тиiмдiлiгi мен жоғары жылдамдығын растай отырып, 12 күн iшiнде 4,7 мың км-дi жүріп өттi.