Біздегі 350 теңге – нарық емес, саясат. Үкімет оны әдейі ұстап отыр. Өйткені солярканың бағасы – жай ғана жанармайдың бағасы емес. Ол – нанның бағасы, қатынастың бағасы, жылудың бағасы. Босатып жіберсең – бәрі шарықтайды.

Сондықтан арзанды ұстап тұру – халықтың қалтасын қорғау.Бірақ осы арзандықтың өзі – іштен ірітетін қайшылыққа айналды.
- Бірінші қайшылық – ішкі баға мен сыртқы нарықтың арасындағы алшақтық.Бізде 350, көршіде 700 теңге болған жерде, экономиканың өз заңы жұмыс істейді. От жанармай шекарадан заңды емес жолмен сыртқа кетеді. Зауытымыз өз жұртына емес, сырттың сұранысына жұмыс істегендей күй кешеді. Содан соң іште тапшылық басталады. Арзандықты қорғап едік деп, тапшылықты қолдан жасап аламыз.
- Екінші қайшылық – өндіруші мен тұтынушы мүддесінің қақтығысы.Мұнай қымбаттап барады, ал зауытқа «арзан сат» дейміз. Зауыт шығынға жұмыс істесе, дамымайды. Дамымаса – ең қажет нәрсені, қысқы және арктикалық сұрыпты шығаратын қондырғыны салмайды. Сөйтіп біз жыл сайын «қысқы дизельді Ресейден аламыз» деген бір шеңберден шыға алмай қаламыз. Арзанды бүгін беріп, ертеңгі тәуелсіздігімізді жоғалтамыз.
- Үшінші қайшылық – әлеуметтік әділетсіздік. Қазіргі арзандық бәріне бірдей. Егін егіп жүрген шаруа да, жүк тасып пайда тауып жүрген ірі бизнес те, қалада қымбат көлік мінген азамат та бір бағамен алады. Мемлекеттің көмегі мұқтажға емес, бәріне шашырайды. Бұл – тиімсіз де, әділетсіз де модель.Сонда орта жол бар ма? Бар. Бұл – бағаны көтеру емес, көмекті саралау. Әлемдік тәжірибе және үкіметтің соңғы қадамдары осыны көрсетіп отыр: Шаруаға – кепілдендірілген көмек. Егін науқанына қажет көлем талонмен, бекітілген арзан бағамен беріледі.
Бұл – азық-түлік қауіпсіздігі.Нарыққа – лимиттелген баға. Жеке көлікке күніне 100 литрге дейін – реттелетін баға, одан асқаны – нарық бағасымен. Бұл – көлеңкелі алыпсатарлыққа тосқауыл.Зауытқа – даму мүмкіндігі. Ішкі міндеттемесін орындағаннан кейін, қалған өнімді экспортқа нарық бағасымен сатуға мүмкіндік беру. Бұл – зауытқа жаңа технологияға инвестиция салуға мүмкіндік.
Үкімет осы саралау жолын тапты ма?Иә, бағытты тапты. Бірақ тетігі әлі шикі. Талон уақытында жетпей жатады, лимит жүйесі кейде істемей қалады, шекарадағы бақылау толық цифрланбаған. Сондықтан бүгінгі сұрақ «бағаны өсіру керек пе?» емес. Бүгінгі сұрақ – «мемлекеттің қолдауын кімге, қалай жеткіземіз?» деген сұрақ. Осыны әділ шешсек, біз арзандықты да сақтап қаламыз, тапшылыққа да ұрынбаймыз. Шеше алмасақ, ең арзан дизель – жоқ дизельге айналады.