2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Бірыңғай Қаржы омбудсмені қызметі іске қосылады.

Бұрын бұл жүйе бар ма еді?
Иә, бар еді, бірақ бытыраңқы еді.Сақтандыру омбудсмені – 2007 жылданБанк омбудсмені – 2011 жылдан Микроқаржы омбудсмені – 2024 жылдан бері жұмыс істеп келді.
Әрқайсысы бөлек болғандықтан, адамдар қайда барарын білмей шатасатын. Енді үшеуі бірігіп, үстіне брокерлік қызмет қосылып, бір терезеге айналады.
Жаңа қызмет не істейді?
Банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлармен дауда халықтың мүддесін қорғайды. Енді коллекторлардың қоқан-лоқысы, банктердің негізсіз өсімпұл қосуы бойынша да шағымдануға болады. Сотқа дейін дауды шешеді. Алдымен қаржы ұйымына арыз жазасың. Егер 15 күнде жауап бермесе немесе жауабы көңіліңді толтырмаса, омбудсменге жүгінесің. Оның шешімі банк пен МҚҰ үшін міндетті.
Проблемалық қарызды реттеуге көмектеседі. Төлей алмай қалған жағдайда, кірісіңе қарай төлем кестесін қайта жасауға, қарызды жеңілдетуге көмектеседі. Бұл жұмыс «Қарызсыз қоғам» жобасымен бірге жүреді. Толығымен тегін және онлайн. Қызмет үшін ақша алынбайды. Арыздар цифрлы түрде қабылданады.
Қысқасы, 2027 жылдан бастап банкпен, МҚҰ-мен немесе коллектормен дау туса, бірден сотқа жүгірмей, мемлекет бекіткен тегін төрешіге – Бірыңғай қаржы омбудсмені қызметіне жүгінуге болады.