Татьяна Савельева – бюджеттің әр теңгесі қайда кететінін білетін, мінезі темірдей қатал қаржыгер. Енді ол генералдар легімен ұсталып, жемқорлық дауынан арыла алмай келе жатқан Қорғаныс министрлігінің қаржысын реттейді.

Бұл – кездейсоқ ауыс емес, Ақорданың саналы түрде жасаған қатаң тазалауы
Қорғаныс министрі орынбасарының креслосына Татьяна Савельева отырды. Бұл есімді қаржыгерлер жақсы таниды. 2016-2023 жылдары Қаржы вице-министрі болып, ел бюджетінің қыр-сырын илеген. Мәжілісте бюджет комитетін басқарған. Тамызда ғана жаңа Құрылтайдың депутаты болған еді. Енді оны арада екі ай өтпей, ең жабық, ең былыққа батқан министрлікке жіберіп отыр.
Неге дәл қазір?
Себебі Қорғаныс министрлігі – жылдар бойы қара дақтан арыла алмаған мекеме. Сатып алудан ұсталады, жабдықтаудан ұсталады, кадр саудасынан ұсталады. Кей жылдары генералдар тізім-төзім болып қамалды.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев осыны меңзеді:
«Тәртіп орнату қажеттігі депутаттық мандаттан да маңызды болып шықты. Мықты әрі принципті қаржыгерді жіберу – дұрыс шешім».
Негізі, мемлекет армияны азаматтық маманмен түзеуге бұрын да тырысқан. 2001 жылы дәл осы қызметке Жаннат Ертлесова келген. Келісімшартқа көшіреміз, жарғыдан тыс қатынасты жоямыз деген. Бірақ жүйе оны лақтырып тастады, бір жылға жетпей кетті.
Бірақ бұл жолы жағдай басқа
Қазір министрлікте ауқымды тексеріс жүріп жатыр. Қазанның түбі қағылып жатыр.Ал Савельева – сырттан келген сыншы емес. Ол – бюджетті өзі пісірген адам. Ақшаның қай тұстан «жылыстап» кететінін, қай жерде жылан ирелеңдеп жатқанын бес саусағындай біледі. Сондықтан погондылардың ортасына есепқойдың келуі – жай кадрлық ротация емес. Бұл – әскердегі ақшаға қатаң ревизия. Қысқасы, Қорғанысқа енді бұйрық емес, есеп жүреді.