Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті тексерушілерден қорғау үшін мораторий тетігін жиі қолдануы – елдегі бақылау жүйесінің бос екенін көрсетеді. 2026 жылғы қазандағы Жолдауда Мемлекет басшысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге тағы 3 жылдық жаңа мораторий енгізуді ұсынды.

Президент неге бұған қайта-қайта баруға мәжбүр?
Себебі төрт жүйелі проблема шешілмей тұр.
1. Тексеру мен айыппұлдың негізсіз өсуі
2020-2023 жылғы алғашқы мораторий біткен соң, органдар кәсіпкерді қайта жаппай тексере бастады. Тоқаев Жолдауда нақты сан айтты: 2026 жылдың бірінші жартысында жеке кәсіпкерлерде заңбұзушылық 34 пайызға азайса да, жоспардан тыс тексеру ондаған есе көбейіп, айыппұл көлемі 11 пайызға өскен. Бұл – шенеуніктің «қолдау» емес, «жазалау» психологиясы.
2. Қолдан жасалған тосқауыл және жемқорлық
Президент отандық өнім, әсіресе азық-түлік өндірушілердің нарыққа шығуына шенеуніктер әдейі кедергі жасайтынын ашық айтты. Мұны Мемлекет басшысы «жемқорлық» және «мемлекетке қарсы қылмыс» деп атады.
3. Жүйе цифрланбаған – «стратегиялық үзіліс» керек
3 жыл – жай демалыс емес. Бұл – бақылау жүйесін адам факторынсыз, тәуекелді басқару жүйесі арқылы жұмыс істейтін цифрлық модельге көшіруге берілген уақыт. Бірақ аппарат реформаны баяу жүргізгендіктен, үзілісті қайта ұзартуға тура келіп отыр.
4. ШОБ – экономиканың тірегі
Бүгінде ШОБ жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын, ал негізгі қорға салынған инвестицияның 70 пайызға жуығын беріп отыр. Оны қорғау – ұлттық қауіпсіздік мәселесі.
Президент тек мораториймен шектелмей, қосымша үш тетік ұсынды:
Мемлекеттік сатып алудың бір бөлігін ШОБ үшін резервтеу.
Экономикалық құқықбұзушылықты қылмыс санатынан шығаруАлатау қаласында инвестициялық сот құру. Бірақ бұл шаралар жеткілікті ме?
Мораторий неге 3 жыл сайын керек болып жүр?
Экономист Ернар Серіктің айтуынша, негізгі қорға салынған инвестицияның 71 пайызын шағын және орта бизнес беріп отыр. 59 пайызы шағын, 12 пайызы орта. Яғни шағын бизнес қазірдің өзінде инвестицияның негізгі көзіне айналды.
Мемлекет ірі мұнай жобалары азайған тұста, инвестицияны енді шағын бизнестен күтіп отыр. Бірақ Серік осы жерде бірден дабыл қағады. Оның айтуынша, мәселе бизнесте емес, жүйенің өзінде:
«Егер 3 жыл сайын бизнесті өз тексерушілерімізден қорғауға мәжбүр болсақ, жүйенің өзінде ақау бар деген сөз»
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Санат Көшкімбаевтың айутынша бизнестің еркіндігі кәсіпкер тексерушіні күтуді тоқтатқанда басталады. Бірақ бұл үш жыл жай үзіліс емес, бақылау жүйесін толық қайта құру уақыты болуы керек.
Президент Жолдауда айтқан сан – заңбұзушылық 34 пайызға азайса да, айыппұл 11 пайызға өсіп, жоспардан тыс тексеру ондаған есе көбеюі – тексерушілердің әлі де «жазалау» психологиясынан арыла алмағанын көрсетеді. Сондықтан ол жаппай тексеруден бас тартып, тәуекелге негізделген басқаруға көшуді ұсынады. Заңмен жұмыс істеп тұрған кәсіпкерге тиіспеу, тек денсаулыққа, экологияға, қауіпсіздікке нақты қауіп бар жерді ғана тексеру.
Ал егер осы 3 жылда Күшқұмбаев айтқан реформа жасалмаса не болады?
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтың айтуынша, 2026 жылы күйіп қалдық, 2027-де ширығамыз, 2028-де босаңсимыз, ал 2029-да тағы мораторийді ұзарта тұрыңызшы деп сұраймыз. Бизнеске көлеңкеден шығу керек.
Оның айтуынша, сораторий – қауіпсіздік аралы. 71 пайыз инвестицияны сақтап қалу үшін, бизнес көлеңкеге кетпеу үшін берілген 3 жыл. Бірақ аралда мәңгі отыра алмайсың. Егер осы 3 жылда бақылау толық цифрға көшпесе және квазисектор үлесі 60 пайыздан 30-35 пайызға дейін жекешелендіру арқылы азаймаса – 2029 жылы қайтадан мораторий сұрайтын боламыз.