Үкімет пен Ұлттық банк (ҰБ) инфляцияны жыл аяғына дейін 6-8%-ға түсіреміз деп жоспарлаған еді, бірақ 2026 жылғы қыркүйекте инфляция 9,3%-да тұрақтап қалды. Себебі бағаға жаңа фактор –қымбат теңгеге әсер ете бастады. Басқалар «теңге нығайды – халыққа жақсы» деп жазады.

Бірақ жақсы хабардың астарында мықты теңгенің бюджетті құрдымға жібере жаздағаны жасырынып қалды.
Басқалар айтпаған парадокс: арзан доллар неге қымбатқа түседі?
Бюджеттің негізгі кірісі долларға байланған. Сондықтан доллар арзандаса, бюджетке пайда емес, шығын келеді. Экспорттық түсім азаяды. Мұнай мен шикізатты долларға сатамыз. Доллар 540 теңге емес, 453 теңге болса, әр доллардан 87 теңге кем түседі. Пайдалы қазбалар салығы автоматты түрде азаяды. Кедендік төлем азаяды. Импорттық тауар теңгемен арзандаған соң, одан алынатын ҚҚС пен кедендік баж да азаяды. Мысалы, 1000$-лық телефон 540 теңгемен 86 400 теңге ҚҚС берсе, 453 теңгемен 72 480 теңге ғана береді.
Осы екі себептен қаңтар-тамызда ҚҚС жоспардан 490 млрд теңгеге кем түсіп, Қаржы министрлігі жылдық болжамды 2-2,2 трлн теңгеге төмендетуге мәжбүр болды. Яғни 453 теңгедегі доллар бюджетке 2 трлн шығын әкелді. Бірақ күшті теңгенің оң тұсы да бар – импорт, техника арзандап, инфляцияны тежейді.
Теңге неге нығайды?
Қаржы сарапшысы Ғалым Құсайыновтың айтуынша, дамыған елде базалық мөлшерлеме түссе, валюта әлсірейді, ал Қазақстанда керісінше болды. Маусымнан бері ҰБ мөлшерлемені 18%-дан 15,75%-ға төрт рет түсірсе де, теңге нығайып, соңғы 12 айда доллар 538 теңгеден 439 теңгеге дейін құлдырап, қазан соңында KASE-де 453,87 теңге болды.
Алты арнадан доллар қаптап келді:ҰБ отандық зауыттардан алтынды теңгеге сатып алып, нарықта сондай сомаға доллар сатады. 8 айда 5,9 млрд доллар сатылды, бұл өткен жылдан 57%-ға көп. Ұлттық қордан трансферттер жалғасты. Мұнай, уран, мыс қымбаттап, экспорттаушылардың валюталық түсімі артты. Квазимемлекеттік сектор сырттан қарыз тартып, теңгеге айырбастады. Бизнес теңгедегі 21%-дық жоғары пайыздан қашып, валюталық қарызға өтті. Жоғары мөлшерлемеге қызыққан бейрезиденттер 5,5 млрд доллар алып келіп, теңгелік облигацияларды сатып алды. Бұл 28-90 күндік «ыстық ақша».
ШОБ неге жабылып жатыр?
Мықты теңге шағын және орта бизнеске (ШОБ) тікелей соққы берді. Ішкі өндіруші Ресей мен Өзбекстанның арзан импортымен бәсекелесе алмай жабылуға мәжбүр. Өндіріс жабылса, ішкі ҚҚС пен табыс салығы да түспейді. Сөйтіп, импорттан да, ішкі өндірістен де ҚҚС жоғалады, ал бұл болашақта ұсынысты азайтып, инфляцияны қайта үдетеді.
4,4 трлн жоғала ма, әлде баға болып орала ма?Жоғалмайды, баға болып оралады.
ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов 2027 жылы Ұлттық қордан 4,4 трлн теңге алынып, бюджет шығыны 30 трлн теңгеге жететінін айтты. Бұл ақша жалақы, жол, құрылыс болып таралады, бірақ нарыққа 4,4 трлн артық теңге құйылады деген сөз. Сұраныс өседі, баға өседі. Сондықтан ҰБ инфляция дәлізін 0,5%-ға кеңейтуге мәжбүр болды. Басқа сарапшылар не дейді Алмас Чукиннің айтуынша, 540 теңге – Үкіметтің уәдесі емес, тек есептік көрсеткіш қана, ал мықты теңгенің өзі – проблема емес, жетістік.
Руслан Султанов 450-455 теңгедегі қазіргі бағамды нарықтық тепе-теңдік баға деп санайды және оны үш тірек ұстап тұр дейді: Ұлттық қордан сатылатын валюта, қымбат мұнай және KASE-дегі сұраныстың 24%-ға құлдырауы.
Ал Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы қазанға арналған болжамын 499,7 теңгеден 461,1 теңгеге дейін төмендетті. Сөйтіп, сарапшылар бір жерде тоғысады: қысқа мерзімде курс алтын сатуға, Ұлттық қорға және бейрезиденттерге тәуелді болғандықтан болжау қиын, ал ұзақ мерзімде егер Қазақстандағы инфляция серіктестерімізден жоғары болса, теңге баяу әрі жұмсақ түрде әлсірей береді.
Түйін: Арзан доллар халыққа – арзаншылық, бюджетке – 2 трлн шығын.