ҰЭМ бірінші вице-министр Азамат Амрин бүгін Үкімет отырысында орта кәсіпті дамытудың бөлек жоспары жасалатынын хабарлады. Оның айтуынша, құжатта ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктері, кәсіпорындарды озық қондырғымен жабдықтау, әкімшілік қысымды азайту мәселесі қамтылмақ.

Сонымен бірге 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және өте шағын кәсіпке үш жылға тексеріс жүргізілмеуі мүмкін. Құлаққа жағымды жаңалық. Бірақ осы жерде заңды сұрақ туады:
Неге мұндай базалық құжат Президент пәрмен бергеннен кейін ғана қолға алынып жатыр?
Әлемнің кез келген елінде шағын кәсіпті ортаға, ортаны іріге жеткізу – экономикалық саясаттың №1 бағыты. Бұл – өсудің табиғи баспалдағы. Бізде осы баспалдақ әдейі ұмыт қалғандай әсер қалдырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Жолдауында шағын және орта кәсіпке арнайы тоқталды. Ол келтірген дерек – бүгінгі жағдайды анық көрсетіп тұр:
«Шағын және орта кәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, ал негізгі қорға салынған қаржының 70 пайызға жуығы осы саладан келіп отыр. Бүгінде кәсіпкерлердің үштен бірі әлі де саудамен айналысады. Сондықтан шағын бизнестің құрылымын әртараптандыру аса маңызды».
Президент осы жерде Үкіметке нақты тапсырма берді: орта кәсіптің жеке жоспарын жасау, онда ұзақ мерзімді қаржы мен озық қондырғыға көшу мәселесін жазу, орта кәсіп ірі кәсіпорынмен бірлесіп, өнімін өткізетіндей жағдай жасау. Ал ең өткір сыны – мынау болды:
«Мемлекеттің бақылауы едәуір жеңіл болғанымен, оның кәсіпке ықпалы айыппұл, жоспардан тыс тексеріс, шотты бұғаттау арқылы сақталып отыр. Мұндай ықпалды оң деп айта алмаймыз».
Президенттің бұл сөзі – жылдар бойы айтылып келе жатқан шағымның ресми деңгейде мойындалуы.
Неге кәсіпкер өсуден қашады?
Осы сұраққа жауапты Үкімет отырысынан кейін өткен талқылауда сала сарапшылары берді. Олардың сөзі бір-бірімен жалғасып, бір түйінге саяды: бізде өсу – жазаланады. Салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Айжан Балакешеваның айтуынша, кәсіпкер саналы түрде өсуден қашады. Себебі орта санатқа өтсең, айыппұл мөлшері бірден өседі, салық тексерісінің қаупі көбейеді. Жеңілдетілген тәртіптегі компаниялар арасындағы операцияларға қойылған тыйым да кәсіпті тұсаулап отыр. Бұл – өсуге деген ынтаны жояды.
Оның сөзін Инвесторлар одағының төрағасы Рустам Журсунов жалғастырды. Ол біздегі ең үлкен ауру – жасанды бөлінуді атады:
«Байланысы бар компанияларды бір кәсіп деп санау керек, сонда жасанды түрде бөлініп кету тоқтайды. Бүгінде бір иенің бес дүкені бар, бірақ бесеуі де жеке-жеке кәсіпкер болып тіркелген.
Неге?
Өйткені ірі болсаң, қысым көбейеді. Сондықтан кәсіпкер әдейі ұсақталып жүре береді. Бізге тек санат ауыстыру емес, өскен кәсіпке бейімделуге уақыт беру керек»
Шын мәнінде, статистика да осы сөзді қуаттайды. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда орта кәсіптің үлесі бар болғаны 0,2 пайыз. Былтыр шағыннан ортаға бар-жоғы 429 кәсіпорын ғана өткен. Бұл – өсу баспалдағының сынғанын көрсететін белгі.
Ал халықаралық тәжірибе басқаша. Германияда орта кәсіп – Mittelstand деп аталады, ел экспортының 60 пайызын солар алып отыр. Оңтүстік Кореяда шағын кәсіп іріге өссе, оған 5 жылға салықтық жеңілдік беріледі. Жапонияда орта кәсіп ірі кәсіпорынның тапсырысын алса, мемлекет кепіл болады. Бізде керісінше: өстің бе – тексеріс, айыппұл, жаңа талап.
Жоспарда не жазылуы керек?
Енді Үкімет әзірлейтін жаңа жоспар осы олқылықты жоюы керек. Тек «несие береміз, үш жыл тексермейміз» деп жазу – уақытша дауа. Бұл – мораторий, стратегия емес.Нағыз жоспарда мына үш баспалдақ анық жазылуы керек:
Бірінші, «өстің – көмектесеміз» қағидаты. «Әділет» партиясының іскерлік кеңесінде вице-министр Азамат Амриннің өзі осы қағидатты ұсынған: өсіп келе жатқан кәсіпті табысына қарай, туыстас компанияларын қоса есептеп, бөлек қолдау. Өстің бе – ұзақ, арзан қаржы, жер, жабдық аласың.
Екінші, сатып алуға жол ашу.
Президент Жолдауда айтқандай, мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуының бір бөлігін шағын және орта кәсіпке арнап, талабын жеңілдету керек. Бүгінде талап қатты болған соң, орта кәсіп конкурсқа жоламайды.
Үшінші, цифрлық экономикамен жалғау. Амрин айтқандай, мемлекеттік қолдауды маркетплейс, банк, тасымал қызметімен ұштастыру керек. Кәсіпкер өнімін Kaspi, Wildberries, Ozon арқылы сатса, мемлекет соған қарай қолдау берсе, өсуге ынта артады.
Ең бастысы – жасанды интеллектіні тек ұран үшін емес, шынайы тәуекелді болжау үшін пайдалану. Қай кәсіптің өсу әлеуеті бар, қай жерде шын бөліну бар, қай жерде жалған бөліну бар – соны цифр арқылы көру.
Президент кеше «елдің ұзақ жылдық бағдарын айқындайтын құжат керек» деді. Сол құжаттың өзегі – орта кәсіп болуы тиіс. Өйткені орта кәсіп – шағын мен ірінің арасындағы көпір. Көпір болмаса, экономика екіге жарылып тұра береді. Үкімет Президент айтқаннан кейін ғана емес, айтпай тұрып қимылдауы керек еді. Ендігі міндет – Жолдаудағы сынды қағазда қалдырмай, өсуді жазалайтын емес, өсуді марапаттайтын жүйе жасау.