Экономист Эльдар Шамсутдинов McKinsey, Global BNPL Review және IMF зерттеулеріне сүйеніп, бөліп төлеудің бес кеселін атады.

- Бірінші кесел – аз жұмсадым деген алдау. 300 мыңды бірден беру ауыр, ал айына 25 мыңнан десе – жеңіл көрінеді. Содан адам қалтасына қарамай, импульспен алады. Зерттеу бойынша, сатып алудың 30-40%-ы – ойланбай жасалған шешім.
- Екіншісі – сақтықты жоғалту. Адам бағаға қарамай, қымбаттауын алады. Ертең қалай төлейтінін ойламайды. Бұл – борышқа белшеден батқан адамның мінезі.
- Үшіншісі – жабысқақ өтімділік. Адам бөліп төлеуді қарыз емес, айлығының бір бөлшегі деп қабылдайды. Төлеп болған соң да көп жұмсай береді. Сөйтіп борыш тұзағы бекіп қалады.
- Төртіншісі – бюджетті жеу. Бөліп төлеуге кеткен ақша тамақтан, дәрі-дәрмектен, оқудан, коммуналкадан алынады. Телефоны жаңа, бірақ тоңазытқышы бос отбасы көбейеді. Қысқа мерзімді қарыз алдағы айдың ақшасын жеп қояды.
- Бесіншісі – импортқа тәуелділік. Біз бөліп төлеуге алатынның бәрі – импорт. Телефон, теледидар, көлік. Сұраныс өссе, долларға сұраныс өседі. Доллар өссе, баға өседі. Баға өссе, адам тағы бөліп төлеуге жүгіреді
Шамсутдиновтің айтуынша, бірінші BNPL мәмілесінен кейін себеттегі үлес 12%-ға өсіп кетеді екен. Бір рет дәмін татсаң, қайта-қайта ала бересің. Міне, «екінші қозғалтқыш» дегені осы.
Ұлттық банк неге көре алмай отыр?
2026 жылғы қыркүйекте Ұлттық банк пікірталас құжатын жариялап, өз әлсіздігін өзі мойындады. Қазақстанда «бөліп төлеу» дегеннің бірыңғай заңдық анықтамасы жоқ екен.Оны бес түрге бөліп отыр: Банктік бөліп төлеуBNPL, яғни финтех арқылы бөліп төлеу. Сатушының өзінен бөліп төлеу. Құрылыс салушыдан бөліп төлеуКейін сатып алу құқығымен жалға алу. Егер мәмілеге банк немесе МҚҰ кірсе – бұл несие, оны реттейміз дейді. Ал қаржылық емес ұйым, дүкен немесе құрылысшы берсе – бұл азаматтық шарт, оны көрмейміз дейді. Кредиттік тарихқа түспейді, борыш жүктемесіне кірмейді. Содан статистика соқыр болып қалған.
2022 жылдың сәуірінен 2025 жылдың тамызына дейін банктік бөліп төлеу қарызы 0,86 трлн-нан 2,46 трлн-ға дейін өсіп, үш есеге жеткен. 2026 жылғы 1 қыркүйекте тек пайызсыз несиелердің өзі – 2,57 трлн теңге. Бір жылда 4,4%-ға өскен. Соның 206,8 млрд теңгесі – мерзімі өткен берешек. Бір жылда үш есе өсіп, үлесі 21,6%-дан 23%-ға жеткен. Яғни, әр төртінші теңге – кешігіп жатқан қарыз.
Бұл – тек көрінетін төбесі
Қаржыгер Арман Бейсембаевтың айтуынша, нарықтың 20-30%-ы мүлде есепке кірмейді. Адамда бес жерде бес бөліп төлеу бар, бірақ қағазда ол – пәк, қарызсыз азамат. Банк оған тағы несие бере береді. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова түйіндегендей: «Бұл жеке клиенттің емес, бүкіл қаржы жүйесінің осал тұсы. Реттеуден тыс жер өсіп, үлкейсе, ол жүйелі тәуекелге айналады