Қазақстан тағы да қарыз алудан алда келеді деген әңгіме көбейді. Бірақ Еуразиялық экономикалық комиссияның соңғы бюллетеніне қарасақ, мәселе одан күрделі.

ЕЭК-тің «Ақша айналымы және кредит беру. ЕАЭО статистикасы» деген бюллетеніне сәйкес, Қазақстанда жеке тұлғалардың кредит бойынша берешегі ЖІӨ-нің 15,5%-ын құраған. Бұл – Ресейден (16,8%) аз. Арменияда бұл көрсеткіш тіпті 32,9%-ға жеткен. Ал Беларусьте – 10,4%, Қырғызстанда – 8,8%.
Яғни, қазақстандықтардың экономика көлеміне шаққандағы қарызы – Ресей мен Армениядан аз. Бірақ проблема басқада.
Несие көбейіп барады, бірақ экономикаға қысым әлі аз
Доллармен есептегенде Қазақстанда жеке тұлғалардың берешегі 2025 жылы бір жылда 24,8%-ға өсіп, 49,3 млрд долларға жеткен. Бұл – өте жылдам өсім.Бірақ екі көрсеткіштің арасында айырма бар: халықтың кредиті көбейіп жатыр, бірақ оның ЖІӨ-ге қатысты үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Яғни, экономика әзірге бұл қарызды көтеріп тұр.
Әзірге
Қазақстанның ерекшелігі – ипотека аз, тұтыну несиесі көп. Бұл жерде біз ЕАЭО-дағы басқа елдерден түбегейлі ерекшеленеміз.Қазақстанда тұрғын үй кредиттері халықтың барлық берешегінің небәрі 28,1%-ын ғана құрайды. Ал Ресейде бұл көрсеткіш – 57,9%, Беларусьте – 59,8%, Арменияда – 44,6%, Қырғызстанда – 37,1%. Яғни, Ресей мен Беларусьте халықтың қарызының жартысынан көбі – ипотека.
Бізде керісінше
Тұрғын үй кредиті бойынша берешектің өзі бір жылда 19,4%-ға өсіп, 13,8 млрд долларға жеткенімен, жаңа берілген кредиттердің ішінде ипотеканың үлесі небәрі 13% ғана. Ресейде – 25,9%, Беларусьте – 24,3%. Бұл нені білдіреді? Біз үй алу үшін емес, күн көру үшін, телефон, көлік, той-томалақ үшін қарыз алып жатырмыз деген сөз. Бұл – экономика үшін ең қауіпті құрылым.
Ипотека – ертеңіңе салынған инвестиция, ал тұтыну несиесі – бүгініңді жеп қою
Бизнес те қарызға белшеден батты, бірақ жүктеме аз Корпоративтік секторда да жағдай ұқсас. Қазақстанда заңды тұлғалардың берешегі 2025 жылдың соңында 36,8 млрд долларға жетіп, бір жылда 26,2%-ға өскен. Оның 60%-ы – шағын және орта бизнеске тиесілі, көлемі 11,1 трлн теңгеден асады. Бірақ ЖІӨ-ге шаққанда корпоративтік қарыз небәрі 11,6% ғана. Ресейде – 39,6%, Арменияда – 38,3%, Беларусьте – 23%, Қырғызстанда – 16,6%. Жеке және заңды тұлғаларды қосқанда Қазақстанның жиынтық қарызы ЖІӨ-нің 27%-ын құрайды. Ресейде – 56%-ға жуық, Арменияда – 71%-дан астам. Яғни, біз әлі де аз қарызбыз, бірақ өте жылдам көбейіп келеміз. Долларлық қарыз және тағы бір ерекшелік
Тағы бір қауіп – валюталық қарыз
Қазақстанда бизнестің шетел валютасындағы берешегі бір жылда 35,4%-ға өсіп, 10,9 млрд долларға жеткен. Оның үлесі 29,5%-ға дейін өсті. Бірақ халық деңгейінде біз толығымен теңгеге көшіп үлгердік. Жеке тұлғалардың валюталық қарызы – бар болғаны 0,01%. Арменияда – 6,7%. Бұл – дұрыс қадам. Мемлекеттің өз қарызы да әзірге қауіпті емес. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, мемлекеттік қарыз 38,5 трлн теңге, бұл ЖІӨ-нің 20,9% ғана. Енді қайтпек керек
Қазақстан әлі де аз қарыз елміз
Бірақ өсімге қарасақ, ең жылдам қарызданғыш елміз. Біз Ресейді «ЖІӨ-ге шаққандағы қарыз аз» деген көрсеткішпен басып озған жоқпыз, біз Ресейді «қарыздың өсу қарқынымен» басып озып барамыз. Бұл – қуанатын емес, ойланатын жайт. Егер халық ипотека емес, тұтыну несиесін ала берсе, ертең экономикаға қысым түседі. Өйткені үй – қалады, ал телефон мен тойдың қарызы – тек пайыз болып қалады. Сондықтан ендігі міндет – қарызды тыйю емес, қарыздың құрылымын өзгерту. Адамдарды үй алуға, бизнес ашуға, білім алуға қарыз алуға үйрету керек. Ал бес күнде жабылатын микрокредиттен арылту керек.